13 Қазан 2026, 17:58 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Азық-түлік пен қызмет бағасы: Үкімет инфляцияға қатысты меже қойды

Тоғыз айда жылдық инфляция 9,3%-ға дейін баяулады.

Премьер-министр Олжас Бектенов жыл соңына дейінгі инфляцияға қатысты негізгі міндетті атап, экономикалық өсімге әсер етіп отырған факторларға тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олжас Бектенов биылғы жылдың аяқталуына 2,5 ай қалғанын еске салып, мұнай секторындағы құлдырауға қарамастан, ел экономикасының өсімі 4,2%-ды құрағанын айтты.

Айта кету керек, отандық экономиканың өсуіне негізгі үлес қосып отырған – шикізаттық емес сектор. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында оң динамика байқалады. Аталған салалардың жалпы ішкі өнім өсіміне қосқан жиынтық үлесі шамамен 80,5%-ды құрайды. Бұл маңызды салалардың одан әрі өсу әлеуеті зор, сондықтан қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалану қажет, – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі, ақпарат және байланыс салаларына, құрылыс пен ауыл шаруашылығына инвестицияның белсенді тартылуы, сондай-ақ шикізаттық емес экспорттың өсуі де осыны көрсетеді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында экспорттың жедел өсуінің арқасында төлем балансының ағымдағы шоты 2,4 млрд доллар профицитпен қалыптасты. Экономикалық өсім біршама теңгерімді әрі сапалы сипатқа ие болып, елдің өндірістік әлеуетін одан әрі арттыруға негіз қалыптасты. Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмысының нәтижесінде инфляциялық қысымның төмендеуіне қол жеткізілді, – деді Премьер-министр.

Олжас Бектеновтің айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құраған. Ал биылғы басты міндет – инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру.

Тағы оқи отырыңыз: Үкімет: Қазақстанда жеке инвестициялар 18,2%-ға өсті