Азық-түлік бағасын білмеймін – Ұлттық банк өкілі
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың брифинг кезінде айтқан пікірі қоғамда қызу талқыға түсті.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың брифинг кезінде айтқан пікірі қоғамда қызу талқыға түсті. Ол журналистерге азық-түлік бағасынан хабары жоқ екенін ашық айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта алмаймын. Үйдегі шаруаны әйелім атқарады. Мен дүкенге бармаймын. Азық-түлікті әйелім алып келеді. Менің банк картамның көшірмесі соның қолында. Сол себепті өзі еркін барып, керек-жарақты алады, – деді Шолпанқұлов.
Журналистер ай сайын азық-түлікке қанша қаражат жұмсалатынын нақтылауға тырысқанымен, Шолпанқұлов нақты сома айтпады.
Менің картам оның қолында. Қанша ақша жұмсалатынын қадағаламаймын, – деп жауап берді ол.
Шолпанқұлов өз кезегінде отбасындағы қаржыны басқару мәселесіне қатысты пікірін былай түсіндірді:
Ол оңды-солды ақша шашпайды. Отбасыға қанша қажет болса, сонша жұмсайды. Ол да жерден ажырап қалған жоқ, басыбайлы ақша шашатындай. Бұл тек азық-түлікке емес, балаларға, олардың оқуына, демалысына, болашаққа қор жинауға қатысты. Бұл – жинақтау процесі. Егер өз жарыңа сенбесең, ол қандай отбасы? – деді ол.