Азық-түлік бағасы қашан тұрақталады? Тоғжанов жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов еліміздегі азық-түлік бағасының күрт өсуі қашан тұрақталатынын айтты.
Баға тұрақталады деген болжамдар жоқ емес. Ол кіріс бағдарламасына тікелей байланысты. Неге десеңіздер азаматтардың кірісін ғана көбейтпей, инфляциямен де күресуміз қажет. Инфляция ішінде 19 азықтың түрі бар. Сырттан импортпен әкелінетін тағамның 6 түрі бар. Ол мәселе бүгін не биыл шешіледі деген сөз емес. 2025 жылға дейін қанттан басқасын еліміз өзі шығаратын мүмкіндікке жететін жоспар жасалынды. Ол кезде еліміз тек қантпен 80 пайыз деңгейде қамтылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің нақты деректеріне байланысты осындай шешімдер шығарылды, - деді Ералы Тоғжанов.
Тоғжановтың айтуынша, 1-2 жыл азық-түлік бағасының тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінде болады.
Біз шамамыз келгенше жұмыс істеуіміз қажет. Осы мәселеге орай әкімдіктерге де нақты тапсырма берілді. Тұрақтандыру қорлары мен сауда дүкендерінің 15 пайыздық мөлшермен шектелуі секілді жобалардың бәрі жүзеге асып жатыр. Бірақ әр азаматтың қасында қадағалап отыру оңай емес. Сол себепті көп жұмыс істеуіміз керек, - деді Премьер-министрдің орынбасары.