Азық-түлік қауіпсіздігі: «Халалдың» бәрі адал ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ас – адамның арқауы» екенін айтқан халқымыз аурудың астан болатынын да ескерткен. Осы қанатты сөздер күн өткен сайын «халал» ұғымы арқылы жаңарып, жаңғыра түскен сияқты.
«Халал» маркетингтік қулыққа айналып барады
Бүгінде нарыққа дендеп енген «халал» сөзі ислам дінінде рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды білдіреді екен. Айтпағымыз, діни философия емес, халал индустриясы жайында болмақ. Өйткені оған деген сұраныс артқан сайын, «халал» сөзін маркетингтік қадам ретінде пайдаланушылар да көбейіп кетті.
Сарапшылардың пікірінше, халал индустриясы тек мұсылман мемлекеттерінде ғана емес, әлемде дами бастады. Дүниежүзілік банк мәліметтеріне сәйкес, қазіргі күні бұл нарық 693 млрд долларға бағаланып отыр. Жыл сайын халал нарығының табысы 25 пайызға есенеліп отырған көрінеді. Әлемнің халал өнімге деген сұранысының артуына не себеп? Малайзиялық «Halal Journal» басылымының мәліметі бойынша, әлем халқының халал өнімге деген сұраныс оның тек азық-түліктің ғана емес, тұрмыстық тауарлар мен косметикалық бұйымдар құрамындағы жасанды қоспалар, жәндіктерден алынатын улы карамин майы және гендік модификацияланған ағзаларға тыйым салуы да әсер етіп отыр. Осылайша, «халал» ұғымы әлемде таза ғана емес, «табиғи» деген түсінікпен үндес деңгейге жеткен.
Елімізде сертификат алу міндеттелмейді
Қазіргі күні «Халал» белгісінің халақаралық стандарттары қалыптасып үлгерді. Оның негізі Құраннан бастау алады. Онда халал өнім мен қызметке қатысты шариғат талаптарына қайшы келетін барлық аспекті қамтылған. Бұл стандартты әлемнің 545 елі пайдаланады екен. Қазақстанда «Халал» Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген қауіпсіздік талаптарына бағынады. Алайда ол ресми органдар тарапынан бұл регламенке сәйкестік талап етілмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау комитетінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, «Халал» сертификатын алу, оның талаптарына сай өнім шығару әр кәсіпорынның өз қалауында. Әрі өнімдерді сертификаттаумен аталмыш ведомство айналыспайды. Бұл жауапкершілікті елімізде мойнына алғандардың бірі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Басқарма жанынан құрылған «Халал даму» ЖШС еліміздің өндіріс кәсіпорындары мен мекемелерін шариғат талаптарына сай сертификаттауға ғана емес, тағам өнімдерінің құрамы халал талаптарына сай болуына, құжаттарының дұрыстығына, үнемі қадағаланып, тексеріліп отыруына мән беріп отыр.
Сертифкат кімге, қалай беріледі?
«Халал даму» ЖШС бас технологі Айжан Омарованың айтуынша, сертификат алу үшін кәсіпорындар алдымен келісімшартқа отырады. Келісімшарт жасалғаннан кейін өнім өндірушілер мен қызмет көрсетуші мекемелер жіті тексеруден өтеді. Өнімдер арнайы зертханада тексеріледі. Сертификат тек бір жылға беріледі. Алайда бұл жыл көлемінде кәсіпорын қараусыз болады деген сөз емес. «Халал даму» әр ай сайын кәсіпорынды тексерумен қатар, әр кәсіпорын ішінен өз өкілдерін тағайындайды.
Жалпы, «халал» ұғымы елімізде көп жағдайда шұжық өнімдерімен байланысты. Көпшілік әлі де оның құрамы шошқа етінен таза болса, сол ас халал деп есептейді. Шын мәнінде халал ұғымы тек шошқа етіне қатысты емес. Қазіргі күні косметикалық заттар мен тұрмыстық химияға да, сусындарға да халал белгісін соғып жатады. Оның өзіндік мәні бар. Демек ол өнім адам денсаулығына зиянды қоспалар мен ГМА-дан ада дегенді білдіреді. Сондай-ақ жұмыртқа қалай халал болады деген сұрақ қоятындар көп. Әрине, біз жұмыртқаны тексере алмаймыз, алайда, кәсіпорынға сертификат бермес бұрын тауықтардың немен қоректендірілетініне мән береміз. Жұмыртқа мен тауық еті қандай жағдайда халал болмайды? Өлекселермен және тауықтарды семіртуге арналған адам ағзасына зиян жасанды заттармен қоректендірілген жағдайда. Мұндай кәсіпорындарға сертификат осындай тексерулерден кейін беріледі, - дейді ол.
Оның айтуынша, халал сертификатын алу үшін арнайы қойылатын шарттарында, өндіріс орны доңыз малын пайдаланбауы, мал бауыздайтын қасапшылардың мұсылман болуы және сойылатын малдың ауру болмауы басты назарда ұсталады. Ет комбинаттары осындай шарттарға сай болуы керек болса, сусындар, ұн өнімдері, кондитерлік тағамдар түрлері спирттік қоспасы болмауымен және доңыз майын пайдаланбауымен сараланады.
«Халал даму» ЖШС өкілінің айтуынша, дәл осы талаптар орындалған және орындалуы қамтамасыз етілген өндіріс орындары ғана халал сертификатын ала алады.
Сертификат алған кәсіпорын технологтеріне арналған оқыту семинарларын ұйымдастырылады. Мекеме талапты бұзса, сертификат қайтарып алынады.
«Халал» сөзі кепілдік емес
«Халал» деген жазуы бар өнімнің бәрі адал емес.Мұны бас технолог те растап отыр. Байқасаңыздар, сөредегі тағамдардан «халал» жазуы бар өнімдердің логотиптері үнемі бірдей бола бермейді.
Сондықтан жазу ештеңені білдірмейді. Егер Мұсылмандар діни басқармасының арнайы белгісі болмаса.
Көптеген компаниялар белгісін Мұсылмандар діни басқармасының белгісіне ұқсатып жасап алады. Заң жүзінде оған ешкім тыйым сала алмайды. Өкініштісі сол. Ал егер дәл біздің белгіні пайдаланатын болса, біз сотқа беріп, тауарының сараптамадан өтуін талап ете аламыз. Алайда сәл де болса айырмашылығы бар белгіге қатысты шағым жасай алмаймыз, - дейді ол.
Сондықтан бір белгігі ғана сенуге болмайды, ең дұрысы кәсіпорынның шын халал өнім өндіретіне «Халал даму» сайтындағы реестерден тауып, көз жеткізу.
Шошқаның өзі ғана емес, ДНК-сі де болады
Өткен жылдың соңында Мұсылмандар діни басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық комитетінің Ұлттық сараптама орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Ендігі күні «Халал» сертификатын алуға үмітті кәсіпорындардың өнімдері құрамында гендік модификациаланған өнімнің бар-жоғы мен шариғат тыйым салатын ингридиенттердің бар-жоқтығы анықтау мүмкіндігі артты.
Өйткені технология дамыған сайын өнім құрамындағы зиянды заттарды анықтайтын құрылғылар мен реагенттер де соған жауап бере алатын деңгейде болуы тиіс.
Қазіргі қоғамның талаптарына сай болуға тиіспіз. Технолгия, онымен қоса өнім құрамы да жыл сайын гендік инженерияның арқасында түрленіп бара жатыр. Мысалы, өнімде шошқа еті болмаса да, қоспалардың құрамында оның ДНК-сі болуы мүмкін Сондықтан зертхананың заманауи болуы да маңызды рөл атқарады, - дейді бас технолог.
Ұлттық сараптама орталығы зертханасының бір артықшылы оның барлық облыс пен қалаларды қоса алғанда 20 филиалы мен 25 қалалық бөлімі, 158 аудандық бөлімшесі бар. Бұл әр өңір кәсіпорындары үшін сертификатқа ие болуды қолжетімді ете түсті. Әрі өнімнің 100 пайыз халал екенін дәлелдеуге негіздеме береді. Комитеттің зертханасы ПТР жабдығымен Agilent Aria Mx (амплификатор) және жануарлардың, сонымен қатар шошқа етінің түріне тән ДНҚ-ны сәйкестендіруді анықтауға арналған тест жүйелерімен жабдықталған.
Ұлттық сараптама орталығының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өнім құрамындағы аз мөлшердегі шошқа еті мен спиртті, рұқсат етілмеген ингридиенттерді анықтауға болады.
Тест жүйелер жиынтығы шошқаның ДНК-сін өңделген өніммен қатар шикі заттардың құрамынан да анықтауға қауқарлы. Және оның құрамында шошқаның аз мөлшері тіпті, 0,01% дейін болса да тест сезімталдығының арқасында оң нәтиже көрсетеді. Реагенттердің жоғары сезімталдығын ескерсек, шошқа ДНК-сын анықтау үшін оның бірнеше молекуласы да жеткілікті, - дейді сараптама орталығының мамандары.
Реагенттердің сезімталдығы сонша, праймерлер консерві, шұжық және өзге де дайын өнімдердің құрамындағы зиянды заттарды да анықтайды екен.
«Бісмілләсіз» сойылған мал да харам
Еліміздегі «халал» өнімдердің басым бөлігі ет және шұжық өнімдеріне қатысты қолданылады. Алайда оның құрамында шошқа етінің болмауы ғана оның тазалығын дәлелдейтін фактор еместігін жоғарыда атап өттік. Сондай-ақ көп жағдайда назардан тыс қалып жататын тағы бір маңызды тұсы бар. Ол малды бауыздауға қатысты талаптар. «Халал» стандартының әлемдік талаптары бойынша малды тоқпен жансыздандырып барып союға тыйым салынған. Мұсылмандар діни басқармасы да осыны міндетті жүктеп отыр. Дегенмен малды бауыздар алдында тыныштандыру үшін электр тогін пайдалануға болады және ол шариғатқа қайшы келмейді дейді басқарма өкілінің бірі Досжан Үмбет.
Ол үшін, ең алдымен, мал соятын комбинаттар қасапханалардың жұмысын шариғат талабына сай жолға қоюы қажет. Көпшіліктің біле бермеуі мүмкін, бұған дейін ет комбинаттарында мал токпен немесе ауыр балғамен басынан ұрып, қинап өлтірілетін. Бірқатар жерде әлі де солай етеді. «Бісмілләні» айтып, қолмен бауыздалмай, осылай қинап өлтірілген малдың қаны етте қалып қояды. Қан – бүкіл аурудың көзі, - дейді ол.