Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берілмеуі керек – Мамин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуына арналған Үкімет отырысында айтты.
Асқар Маминнің айтуынша, Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетуде. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биылғы бес ай ішінде өсім 1,6% болды.
Өсу серпінін ұстап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру жұмыстарын жалғастыру керек. Сонымен қатар, инфляция деңгейінің өсуі байқалуда. Бұл - бірқатар тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының ұлғаюына байланысты. Өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тамақ өнімдерінің өндірісін ынталандыру және олармен ішкі нарықты молықтыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді ол.
Сонымен қатар Премьер-министр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өңір әкімдіктерімен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсу фактілерінің жолын кесуді дер кезінде қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
Кірістер бойынша бюджеттің атқарылуы биылғы жоспарға қатысты 101,6% деңгейінде қалыптасты. Әкімшілерге ай сайынғы жоспарлы игеруді қамтамасыз етуді тапсырамын,-деді ол.
Асқар Мамин экономиканың дамуының негізгі драйверлері - өңдеу өнеркәсібі 7,2% пайызға өсім, машина жасау 21,1%, оның ішінде автомобиль жасау 26,4% және локомотивтер мен вагондарды жасауда өсім 54,9% болғанын атап өтті.
Үкімет басшысының сөзінше, жеті өңірде 5 көрсеткіш бойынша оң серпін бар. Бұл – Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.Өңдеуші секторда жоғары серпін көрсеткен салалар – химия өнеркәсібін 9,8% пайызға өсім, жеңіл өнеркәсіп 5,5%, металлургия 2,7%, фармацевтика 25,7% және мұнай өңдеу 3,4%. Құрылыс секторында өсім 11,3% пайыз және тұрғын үйді пайдалануға беруде жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығындағы өсу қарқыны – орнықты, 3,1% құрап отыр. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласында өсу байқалып отыр. 6 негізгі көрсеткіш бойынша жеті өңірде өсу байқалып отыр. Бұлар – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Алматы және Түркістан облыстары, - деді ол.
Батыс Қазақстан облысында ең төменгі көрсеткіштер. Алты айдың қорытындысы бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын Мемлекет басшысы деңгейінде қарастыру көзделіп отыр. Министрліктер мен әкімдіктерге жұмысты жандандырып, ұлттық экономиканың жоспарланған өсу көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді іске асыруда тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын, - деп тапсырма берді Мамин.