Қазақстан Азиядағы көпжақты процестерге белсенді қатысуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалогқа (АЫД) қатысушы елдер Сыртқы істер министрлерінің 16-шы отырысына қатысты.
Азияның 30-дан астам елінің жоғары лауазымды өкілдері экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми-техникалық алмасуларды тереңдету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, қатысушылар соңғы бірнеше онжылдықтар бойы әлемнің басым өңіріне айналған және елеулі өсім қарқынын көрсетіп отырған Азия елдерінің арасындағы диалогты одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.
Форумда сөз сөйлеген қазақстандық делегацияның басшысы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақырудың бастамашысы, сондай-ақ бірқатар азиялық ұйымдардың белсенді мүшесі екенін атап өтті. Ол қатысушыларды сенім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Азия өңіріндегі халықаралық ұйымдардың өзара іс-қимылын тереңдетуге шақырды.
Қазақстанның өкілі Азиялық даму банкі, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Ислам даму банкі және басқа да құрылымдар сияқты мамандандырылған континенталдық қаржы институттарын бірлескен қызметке тартудың маңыздылығын баса айтты.
Қазақстандық делегация «Шағын және орта бизнес - орнықты экономикалық өркендеудің жаңа драйвері» атты АЫД бизнес-форумына қатысты. Іскерлік байланыстар орнатылып, қазақстандық іскерлік орталардың азиялық әріптестермен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған екіжақты кездесулер өткізілді.