Азия елдері экономикасының рейтингі: Қазақстан қай орында тұр?
Азия 2026 жылы да әлем экономикасының басты драйвері атанды.
Азия құрлығы 2026 жылы да жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықаралық қаржы ұйымдарының деректеріне сүйенсек, аймақтың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) номинал көрсеткіш бойынша 42-43 трлн долларға жетсе, сатып алу қабілеті паритеті бойынша 116 трлн доллардан асады.
Бұл көрсеткіш Азияны әлемдегі ең ірі экономикалық аймаққа айналдырып отыр. Номинал есеппен алғанда, құрлық жаһандық экономиканың шамамен үштен бірін қамтамасыз етсе, сатып алу қабілеті тұрғысынан жартысына жуығын алып отыр.
Аймақтағы көшбасшы елдер қатарында Қытай, Жапония және Үндістан тұр. Қытай экономикасының көлемі 20,8 трлн долларға жетіп, рейтингте бірінші орынға шыққан. Одан кейін Жапония (4,38 трлн доллар) мен Үндістан (4,15 трлн доллар) орналасқан. Ал алғашқы бестікке Австралия мен Оңтүстік Корея да енген.
Қазақстан бұл тізімде 20-орынға жайғасқан. Ел экономикасының көлемі шамамен - 360 млрд доллар. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Орталық Азиядағы ірі экономикалардың бірі ретінде көрсетеді.
Сонымен қатар рейтингте Түркия, Индонезия, Сауд Арабиясы және Сингапур сияқты елдер жоғары орындардан көрінген. Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің де экономикалық өсімі тұрақты деңгейде сақталып отыр.
Ал Океания өңірі, керісінше, жиынтық экономикалық қуаты жағынан әлдеқайда әлсіз. Аймақ экономикасының басым бөлігін Австралия мен Жаңа Зеландия қамтамасыз етеді. Қалған Тынық мұхиты елдерінің экономикалары шағын көлемде қалып отыр.