Азия чемпиондары мен жүлдегерлері елге оралды
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Таиландтан тікелей рейспен Қазақстанға оралды. Отандық шаршы алаң шеберлері 18-26 қаңтар күндері Бангкокта өткен 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сары құрлық бəсекесінің жүлдегерлерін əуежайдан Қазақстан бокс федерациясының өкілдері, туыстары, достары, журналистер мен жанкүйерлер сəн-салтанатымен күтіп алды. Фанаттар кездесуге түрлі плакаттар дайындап алып келді. Патриоттық əндер шырқап, шашу шашып тосынсый жасады.
Бүгін елдегі жанкүйерлер әдеттегідей өте жақсы қарсы алды. Ұзақ уақыт жолда болып, жарыстан шаршаған боксшылардың көңіл-күйі көтеріліп қалды. Біз халықтың боксты əлі де жақсы көретінін сездік. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, алда әлі көп жұмыс бар. Əуелі халықтың, сосын мемлекет пен федерация қолдауының арқасында отандасымызды тағы қуантамыз, деп сенемін, - Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.
Бізді қолдаған барлық жанкүйерге зор алғыс айтамын. Біз үшін уайымдап, жеңіс тілегендеріңізді жақсы білеміз. Бангкоктағы додаға келетін болсақ, мен ол жерде 57 келіге дейінгі салмақта сынға түстім. Бұл олимпиада бағдарламасына кіретін салмақ. Енді ауысқандықтан қиындау болды. Соған қарамастан жақсы нəтиже көрсеттім, деп ойлаймын. Мақсат баяғыдай - Олимпиада алтынын жеңіп алу, - деді Ұлттық құрама көшбасшысының бірі Махмұд Сабырхан.
Ертеректе əйелдер құрамасы қайтып келген еді. Естеріңізге сала кетейік, Таиланд төрінде Санжар Ташкенбай (49 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Жасмин Қизатова (70 кг) мен Гүлсая Ержан (81 кг) өз салмағында чемпион атанды. Сонымен қатар, 22 жасқа дейінгі жас спортшылар 3 күміс пен 12 қола жүлдеге ие болды. Барлығы 25 боксшының 20-сы медальмен оралды.
Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 2-орынға тұрақтады. Көш басында тұрған Өзбекстанмен медаль саны жағынан теңбіз (20 медальдан). Азия чемпионатында барлығы 12 елінің боксшысы жүлде жеңіп алды.
Енді спортшылар аз-кем демалыстан соң, басқа халықаралық турнирлерге дайындықты бастайды.
Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевтің осыған дейін Азия чемпиондары мен жүлдегерлеріне дәстүр бойынша өз есебінен қаржылай сыйақы табыстайтынын айтқан.