Азия чемпионаты. Көкпардан үшінші орын үшін тартыс өтеді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Жастар арасындағы І Азия чемпионатының соңғы күні. Бір аптаға жалғасқан дүбірлі доданың нүктесі қойылуға да санаулы сағаттар қалды.
Сонымен, бұған дейін көкпардан топтық кезеңнің аяқталғанын, финалға қай командалардың қалғаны туралы хабарлағанбыз.
Жастар жылы аясында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған дүбірлі додаға Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан қатарлы 10 мемлекеттің спортшылары қатысып жатыр.
Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын ақтық сын бүгін өтеді. Оның алдында Өзбекстан мен Қытай құрамалары 3-орын үшін таласады. Қос көршінің қайсысы жеңсе, сол Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатының қола жүлдесіне ие болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қытай құрамасы Б тобында тартысты ойын көрсетіп, Ресейді 10:1 есебімен ұтса, Тәжік көкпаршыларына 6:1 есебімен есе жіберген болатын. Сонымен қатар, Моңғолия құрамасы да қытайлық көкпаршыларды 5:3-пен ұтқан еді.
Ал А тобында өнер көрсеткен Өзбекстан құрамасы Қазақстан көкпаршыларына 13:2-мен есе жіберсе, ауғанстандық қарсыластарынан 2:1 есебімен басым түскен болатын.
Бүгінгі кездесуде қай команданың бағы жанып, бәсі жоғары боларын бірнеше сағаттан соң айтатын боламыз.