Азия чемпионаты. Қос команда да жаппай көкпардың мықтысы
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Азия чемпионатында А тобының ақырғы ойыны Ауғанстан мен Өзбекстан арасында өтті.
Ежелден етене қарсыластар бұған дейін жаппай көкпарда ғана бақтарын сынап келген деуге болады. Командалық ойында екі ел спортшылары «Байсерке» атшабарын аламанға айналдырды. Бір біріне нағыз сай, бірін бірі тақым қағысынан танитын қос команда бір-біріне есе жібермеудің барлық әдіс-тәсілін пайдаланып бақты.Жаппай көкпардың додасында дараланып тұрған екі команда 20 минутқа созылған бірінші таймда есепті 1:1-мен ұстап тұрды. Екі жақтың да көкпаршылары тісқаққан, мықты жігіттер екені көрініп тұр.
Иә, Жастар чемпионаты екені анық, дегенмен, ұйымдастырушы тарап, яғни Қазақ елі өзге елден келетін ойыншылардың жас мөлшерін 25-ке дейін ұзартқан болатын. Себебі, ұлттық ойынымыздың өзге елдерде де дәріптелуі басты мәселе.
Сонымен, ойынның алғашқы бөлімін тең аяқтаған қос құрама, екінші таймда есепті 2:1-ге ғана өзгерте алды. Ойын Өзбекстан құрамасының жеңісімен аяқталды.
Осымен Жастар жылы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған Жастар арасындағы І Азия чемпионатының топтық кездесуі аяқталды.
21 сәуір күні 15:00-де Қазақстан мен Моңғолия арасындағы финалдық бәсеке өтеді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы