Бүгiн 2026, 10:46

Азия чемпионаты: Қазақстан қоржынына бесінші медаль түсті

Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Тайбэй өкілін жеңді.

Қазақстандық дзюдошы Аруна Жангельдина Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Тайбэй өкілі Ван Цзесиді жеңді. Кездесудің негізгі уақыты ұпайсыз аяқталғанымен, қарсыласы үшінші ескерту алып, бұл қазақстандық спортшыға жеңіс сыйлады.

Белдесуден кейін спортшы өз әсерімен бөлісіп, бұдан да жоғары нәтижеге үміттенгенін айтты:

Эмоциялар керемет! Мен бірінші орын аламын деп ойладым, бірақ бұйырғаны осы шығар, бүгін қола жүлде алдым. Ең қиын белдесу бірінші кездесу болды – моңғол спортшысымен. Ал чемпион атанған қытайлық спортшымен айқаста қателік жібердім. Жүлде үшін күресте тұншықтыру әдісімен жеңдім, кейін “Хансоку” есебімен басым түстім, – деді Жангельдина.

Бұл жүлде Қазақстан құрамасы үшін турнирдегі бесінші медаль болды. Бұған дейін Әділет Алмат алтын медаль иеленсе, Эсмигүл Қуюлова, Абылайхан Жұбаназар және Айдар Арапов та құрлық біріншілігінде қола жүлдегер атанған еді.