Азия чемпионаты: Қазақстан мергендері тағы 4 жүлдеге қол жеткізді

Нысана көздеуден Индонезия астанасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына тағы 4 медаль түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Винтовкамен 50 метрден жатып оқ атуда Арина Алтухова чемпион атанса (626,8 ұпай). Александра Ле қола жүлдегер атанды (618,4 ұпай). Тағы бір Ұлттық құрама спортшысы Елизавета Безрукова 4-сатыдан көрінді (617,2). Нәтижесінде командалық сында да Қазақстан алтын жүлдені қанжығасына байлады.

Ал тапаншамен 25 метрден нысана көздеуде Никита Чирюкин 568 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп, Джакартадағы медаль санын екеуге жеткізді.

Бұл екі бағдарламада Олимпиада лицензиясы сарапқа салынған жоқ.

Қазір жалпы есепте Қазақстан 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен 4-орында келе жатыр. Құрлық чемпионаты 18 қаңтарда аяқталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Өзгелердің жаңалығы