Азия чемпионаты: Қазақстандық балуандардың алғашқы қарсыласы анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 18 ақпан Делиде (Үндістан) күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталады. Жарыстың бірінші күнінде кілемге грек-рим күресі шеберлері шығады, деп хабарлайды olympic.kz.
Қазақстандық балуандардың алғашқы қарсыластары анықталды. Балуандар бүгін 55, 63, 77, 87, 130 келіге дейінгі салмақта белдеседі.
55 келіде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қорлан Жаханша жарысты екінші айналымнан бастайды. Хироми Катахири (Жапония) Сардарбек Конушбаев (Қырғызстан) жұбының жеңімпазы отандасымыздың алғашқы қарсыласы болмақ.
63 келіде Ернұр Фидахметов өзбекстандық Елмұрат Тасмурадовпен кездеседі.
77 келіде Тамерлан Шадукаев те екінші айналымда кілемге шығады. Оның бірінші қарсыласы Хусейн Али Мукср Альбидхан (Ирак) мен Рабие Халил (Пәкістан) жұбының жеңімпазы болады.
87 келіде Азамат Құстыбаев Оңтүстік Кореялық Парк Хеагуенмен, 130 келіде Мансұр Шадукаев Иран балуаны Амин Мохаммадзаман Мирзазадехпен алғашқы айналымда күреседі.