Әзірбайжан елшісі: Біздің халықтың қазақ өнеріне деген қызығушылығы өте жоғары
Спорт және мәдениет министрі Асхат Оралов Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Агалар Атамоглановпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында екі мемлекет арасындағы мәдениет, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастық туралы талқыланды.
Сондай- ақ алдағы уақытта Әзірбайжанда қазақ мәдениетінің күндерін өткізу мәселесі де қаралды.
Биыл 25-28 сәуір аралығында Бакуде бірқатар іс-шараны, соның ішінде қазақстандық көрнекті орындаушылардың гала-концертін, Құрманғазы атындағы академиялық Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің концертін, біздің сәндік-қолданбалы өнеріміздің көрмесін және қазақстандық кино күндерін ұйымдастырғымыз келеді. Мемлекет басшысы Әзірбайжанмен мәдени байланыстарды нығайтуды тапсырды, сондықтан мұндай шаралар болашақта тұрақты болуы тиіс -,деп жазады Facebook парақшасында министр.
Кездесу барысында Агала Атамогланов Бакуде «Тұран» этно-ансамблі мен «Қазына» ұлттық би ансамблінің концерттерін ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
Одан бөлек алдағы уақытта бірлескен кинематографиялық жобаларды іске асыру мүмкіндігі айтылды.
Өткен жылы Бакуде бірнеше фильмнің көрсетілімі өтті, енді бірлескен фильмдерді түсіру және киноиндустрия саласындағы ынтымақтастықтың басқа да мүмкіндіктерін пысықтағымыз келеді,- деді Асхат Оралов.
Алдағы уақытта екі ел арасында спорт жарыстары мен турнирлерді өткізу бойынша да ұсыныстар қаралды.
Екі елді ортақ және өте тығыз тарих байланыстырады. Біз берік қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтатын боламыз. Бұл жұмыстар мәдениет күндерін өткізумен шектелмейді. Мысалы, биыл біз ТҮРКСОЙДЫҢ қамқорлығымен бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз”- деді министр.