Журналистика тілі жұтаңдамақ түгілі, сауатсыздық пен бұрмалаушылыққа айналып барады – Сыдықов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов медиа саласы мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының ректорларымен «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында онлайн-форматта өткен кездесу барысында айтты.
Шараға ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да қатысты.Жақында ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылыми тәжірибеден гөрі шығармашылық тәжірибені қажет ететін қолданбалы мамандықтар қатарына журналистиканы да енгізді. Біз осы идеяны қолдаймыз. Журналистика факультетіне аты, заты бар, тәжірибесі мол журналистер тартылуы керек. Мысалы, «Сауытбек Әбдірахмановтың сыныбы», «Нұртөре Жүсіптің сыныбы», «Жанболат Ауыпбаевтың сыныбы», «Бибігүл Жексенбайдың сыныбы» дегенде барша журналистер, әсіресе, талапкерлер елең ете қалары сөзсіз. Екінші мәселе, болашақ журналистің ұстаханасы аудитория емес, университеттің іші емес. Бұқаралық ақпарат қайнаған орта болуы керек. Мысалы, «Қазмедиа орталығындағы» әр телеарна мен радиода журналистика кафедраларының филиалын ашу керек. Студенттер сонда жүруі керек, сол кезде ғана олар журналистикалық өндірісті толық сезініп, ақпарат дайындау үдерісіне толық сіңісе алады, - деді ол.
Ректор университет аясында кәсіби шеберлікті арттыру курстарын ашып, түрлі мамандықты қосымша журналистикаға тартуды ұйымдастыру қажет екенін айтты.
Мысалы, мамандандырылған экономист-журналист, социолог-журналист, заңгер-журналист, спорт журналисі керек. Сондықтан, оларды алдын ала дайындау қажет. Тағы бір маңызды мәселе, сауаттылық. Қазір журналистика тілі жұтаңдамақ түгілі, сауатсыздық пен бұрмалаушылыққа айналып барады. Әсіресе, жастар дұрыс сөйлеу мен сауатты жазуды ақпарат құралдарынан үйренеді. Сондықтан, аудармаға көп дүние байланысты. Қазақтың мәйекті тілін сақтау үшін бұл салаға білікті мамандар тартылуы керек, - деді Сыдықов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Елімізде алдағы үш күнде қандай ауа райы күтіледі?
Өзгелердің жаңалығы