"Әзілі шектен шықты": Қазақ тілін келеке еткен Черчесов айыппұл арқалады
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қатысты қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Барменқұловтың сөзінше, баспасөз конференциясында қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіні келеке еткен бас бапкерге айыппұл салынды.
Қателіктер болады, біз бұл туралы журналистермен де сөйлестік. Черчесовтың әзілі, әрине, шектен шықты. Мен онымен жеке де сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен маңызын түсіндірдім. Біз бұл мәселе бойынша Черчесовтің өзімен сөйлестік. Оған айыппұл салынды, - деді Әділет Барменқұлов.
Федерация мәліметінше, айыппұл соммасы 200 АЕК немесе 738 400 теңге.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы видео тарады. Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат та жолдаған еді.
Ал Сенат депутаты Геннадий Шиповских ҚХА мүшесі ретінде Станислав Черчесовтің қазақ тілін француз тілімен шатастырған әрекетіне қатысты Спорт министрі мен Қазақстан футбол федерациясына үндеу жолдады.