«Әзілдесуге болмайды»: Зейнеткер Алматы-Ақтау рейсінен түсіріліп, жауапқа тартылды
Алматы – Ақтау рейсінің жолаушысы багажындағы бомба туралы әзілі үшін ұшақтан түсірілді.
Оқиға 3 қыркүйекте Алматы әуежайында болды. Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, жолаушы қазақ тілінде: «Мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма» деп айтқан.
Содан кейін көлік полициясы мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ер адам мен оның багажын тексерген.
Тыйым салынған заттар мен жарылғыш заттар табылған жоқ. Әуежай эвакуацияланған жоқ, әуе айлағы штаттық режимде жұмысын жалғастырды. Жолаушы ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылды, - деп хабарлады Көлік полициясы департаменті.
Іс материалдары сотқа жіберіледі. Полиция жолаушыларға қауіпсіздікке қатер төндіретін хабарлама ретінде қабылдануы мүмкін сөздердің ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертіп, мұндай сөздерді тіпті әзіл ретінде де айтпауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Атырау әуежайында «тапанша бар» деп әзілдеген түркістандық жазаланды.