Азиада-2023: Елордалық параспортшылардың есімдері анықталды
Сары құрлықтың басты бәсекесі 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 131 атлет қатысады. Олар 14 спорт түрінен, яғни пара жеңіл атлетика, бочча, пара пауэрлифтинг, шахмат, пара жүзу, пара велоспорт, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау, пара таеквондо, пара садақ ату, пара үстел теннисі, академиялық есу және пара оқ ату сынды түрлерінен 485 медаль үшін таласады.
Олардың қатарында Астана қаласының құрама командасы спорттың 4 түрі бойынша жарыс жолына шығады. Атап айтқанда, пара дзюдодан – Ақмарал Науатбек (-48кг), Ерғали Шамей (-73кг), Асылан Нұрдаулетов (-73кг) және Бауыржан Арстанбеков (-90кг). Пара үстел теннисінен – Балзия Таш, Алтынай Ержанқызы, Сауле Айдарханова және Александра Степанова. Пара оқ атудан – Александр Пасхалиди және пара жүзуден – Сиязбек Далиев ел намысын қорғайды.
Қазақстан құрамасы 2010 жылдан бері Азияның Пара ойындарына төртінші рет қатысып отыр.
Айта кетейік, Азия ойындарында спорттың 22 түрінен жалпы саны 564 медаль (паралимпиадалық спорт түрінен – 490 және паралимпиадалық емес спорт түрінен – 74) жиынтығын өзара сарапқа салынады.