28 Шілде 2026, 20:31 Фото: әлеуметтік желі

Ажырасқысы келген: Семейде ер адам әйелін бейсбол таяғымен ұрып өтірген

Ер адамның ісі сотқа жолданды.

Семейде 52 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Материалдар сотқа жолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Киім-кешегі мен құжаттарын өртеген

Қаза тапқан әйелдің туыстарының айтуынша, сәуір айында ол күйеуіне ажырасқысы келетінін айтқан. Бұдан соң бірнеше күн өткенде ер адам оның жеке заттарын, құжаттарын, сондай-ақ ортақ балаларының құжаттарын өртеп жіберген.

Кейінірек, жақындарының сөзінше, ер адам әйелін аңдып тұрып, бейсбол таяғымен шамамен 28 рет ұрған. Алған жарақаттары салдарынан әйел көз жұмды.

Оқиғадан кейін күдікті ұсталып, қамауға алынды.

Полиция не дейді?

Қазіргі уақытта «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды.

«Қылмыстық істің сотқа берілуіне байланысты Полиция департаменті сот шешімі шыққанға дейін істің мән-жайына түсініктеме беруге және дәлелдемелерге баға беруге құқылы емес», – деп хабарлады Абай облыстық ПД өкілдері.

Тағы бір отбасылық жанжал

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда әйеліне дене жарақатын салған ер адам ұсталды.

Полицияның мәліметінше, «102» пультіне Ақсай ықшамауданының тұрғыны хабарласып, жанжал кезінде күйеуі өзіне дене жарақатын салып, кейін оқиға орнынан кетіп қалғанын айтқан.

Кейін жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жүрген жері анықталып, ол қысқа уақыт ішінде ұсталды.

Құқық қорғаушылар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Ведомствоның мәліметінше, бұл бағыттағы заңнама күшейтілген және мұндай сипаттағы әрбір хабарлама полицияның ерекше бақылауына алынады.