22 Қыркүйек 2026, 12:54 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ажырасқанда ипотека кімге қалады? Адвокат пәтер мен несиені бөлудің маңызды тұстарын айтты

Пәтер бір адамның атына рәсімделсе, ажырасқан соң түгелдей соған қала ма? Ал ипотеканы кім төлейді? Адвокат Айдар Советбеков BAQ.KZ тілшісіне ерлі-зайыптылар мүлікті бөлгенде туындайтын негізгі мәселелерді түсіндірді.

Некеде ортақ табысқа сатып алынған пәтер, әдетте, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі саналады. Оның кімнің атына тіркелгені шешуші мәнге ие емес. Үй шаруасымен айналысып, бала бағып отырған жұбайдың да ортақ мүлікке құқығы бар. Заңда жұбайлардың үлесі тең деп танылатыны көрсетілген, алайда сот жекелеген мән-жайларды ескере алады.

Пәтердің бір адамның атына рәсімделуі екінші жұбайдың одан үлес талап ету құқығын жоймайды. Бірақ ипотекалық пәтерді бөлу кезінде мүлікке меншік құқығы мен банк алдындағы міндеттемені бөлек қарау керек, - дейді Айдар Советбеков.

Некеге дейін алынған пәтер қалай бөлінеді?

Заңгердің айтуынша, некеге дейін сатып алынған пәтер, негізінен, оны алған адамның жеке мүлкі болып қалады. Дегенмен ипотека неке кезінде ортақ қаражаттан төленсе, екінші жұбай сол төлемдерді есепке алуды және тиісті өтемақыны талап ете алады. Оның мөлшері төленген ақшаның қайдан түскеніне және ұсынылған дәлелдерге байланысты анықталады. 

Бастапқы жарнаға мұраға қалған, сыйға берілген немесе некеге дейін жиналған ақша жұмсалса, оны да құжатпен растау маңызды.

Сотта ақшаның қайдан шыққанын көрсету керек. Мәселен, ата-ананың шотынан ақша аударылғанын және оның кейін пәтердің бастапқы жарнасына жұмсалғанын банк үзінді көшірмелері арқылы дәлелдеуге болады. Қолма-қол берілген қаражаттың ізін көрсету әлдеқайда қиын,- деп түсіндіреді заңгер.

Пәтер бөлінсе, ипотека да автоматты түрде бөліне ме?

Айдар Советбеков ең көп түсінбеушілік осы тұста туындайтынын айтады. Ерлі-зайыптылар пәтердегі үлестерін бөлгенімен, бұл несие шартындағы қарыз алушының автоматты түрде ауысқанын білдірмейді. Борышты басқа адамға аудару үшін кредитордың, яғни банктің келісімі қажет.

Ерлі-зайыптылар өзара “ипотеканы енді сен төлейсің” деп келісе алады. Бірақ банк несие шартын өзгертпесе, оның алдындағы міндеттеме шартта көрсетілген қарыз алушыда сақталады, - дейді ол.

Сондықтан ажырасу кезінде пәтердегі үлесті ғана емес, алдағы төлемнің тәртібін де анықтап алған жөн. Егер екі адам да несие шартына қарыз алушы, тең қарыз алушы немесе кепілгер ретінде қатысса, әрқайсысының банк алдындағы жауапкершілігі өздері қол қойған шартқа қарай бағаланады.

Жұбайының жасырын алған несиесін де төлеу керек пе?

Бір жұбайдың екіншісіне айтпай несие алуы ол қарызды автоматты түрде ортақ етпейді.

Даулы жағдайда ақшаның отбасы қажетіне жұмсалған-жұмсалмағаны маңызды. Үйді жөндеуге, баланың оқуына немесе ортақ тұрмыстық шығынға төленгенін чектер, шарттар мен банк аударымдары арқылы көрсетуге болады.

Несие алған адам қаражаттың отбасы мүддесіне жұмсалғанын дәлелдей алуы керек. Ақша тек өзінің жеке қажетіне кетсе, қарызды екінші жұбайға жүктеуге негіз болмауы мүмкін, - дейді Айдар Советбеков.

Заңгер дауды сотқа жеткізбей шешудің жолы ретінде ортақ мүлікті бөлу туралы келісім жасауды немесе банктің қатысуымен пәтерді сатып, қарызды өтегеннен кейін қалған қаражатты бөлуді атайды. Оның сөзінше, ауызша уәде не қолхат банкпен жасалған несие шартын өздігінен өзгертпейді. Сондықтан келісімге келмес бұрын пәтердің құжаттарын, несие шартын және төлем тарихын бірге қарап шыққан дұрыс.