Ажар Ғиният: Ұлттық формулярға өте қымбат төрт онкологиялық дәрі алынды
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қатерлі ісікке күдігі бар азаматтарды жылдам диагностикалау мақсатында емханаларда «жасыл жол» тәсілі жұмыс істеп тұр.
Онкологияға күдікті пациенттерді тез диагностикадан өткізу үшін емханаларда «жасыл жол» тәсілі енгізілді. Әрбір өңірлік онкология орталығында ситуациялық орталықтар құрылып, олар емхананың скрининг кабинетінен бастап барлық пациенттерді тексеру мерзімдерін және онкология орталығында диагноз қою жолдарын тұрақты негізде қадағалайды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр 2022 жылы отандық дәрігерлер әлемнің үздік орталықтарында біліктіліктерін арттырғанын айтты.
Былтыр онкологиялық қызметтің 250-ден астам маманы, оның ішінде 95 маман шетелде: Израиль, Германия, Нидерландта оқытылды. Сондай-ақ министрлік өңірлермен біріге отырып онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту бойынша кешенді жұмыс атқарды. Тарифтерді қайта қарау және клиникалық-шығынды топ бойынша емделген жағдай үшін төлемді енгізу арқылы қаржыландыру ұлғайтылды. Қазақстандық ұлттық формулярдағы дәрілік препараттардың тізімі 4 қымбат атезолизумаб, рибоциклиб, дурвалумаб, олапариб тұратын дәрі-дәрмектермен кеңейтілді. Обырды диагностикалау мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасы қайта қаралып, жаңартылды, - деді Ажар Ғиният.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда алғаш рет онкологиялық ортопедияда 3D-протездеу басталғаны туралы жазған болатынбыз.