Әзербайжанның әскери мамандары киберқауіпсіздік жөнінде курс өткізді
Дәріс сабақтары мен кездесулер Астана қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Байланыс басқармасы бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы полковник Әділ Настакалов басшылық еткен делегациямен Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы Мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің бастығы полковник Тимур Сәдуақасов кездесті.
Геосаяси тұрақсыздық ахуалындағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігін тілге тиек ете отырып, тараптар тәжірибе алмасудың маңызды екенін атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай өзара іс-әрекет аталған бағыттағы мамандарды сапалы даярлауға ықпал етеді.
Сапар бағдарламасы бойынша шетелдік қонақтар Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне, ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне барып, елорданың басқа да көрікті жерлерімен танысты.
Аталмыш шаралар Қазақстан мен Әзербайжанның қорғаныс ведомстволары арасындағы 2024 жылға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.