Әзербайжанға астық жеткізу 25 есеге артты – ҚТЖ
Бакуге сапар аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің пленарлық отырысына қатысты. Жиында теміржол саласының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, жүк тасымалын ұлғайту, инфрақұрылымды жаңғырту және ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс қорытындысы бойынша ҚТЖ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов Әзербайжан БАҚ-ына Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теміржол қатынасының даму динамикасы туралы түсініктеме берді. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда Әзербайжан бағытына жөнелтілетін және осы елден Қазақстан темір жолы желісі арқылы қабылданатын жүк көлемі 7 еседен астам өскен. Биылғы 10 айда бұл көрсеткіш шамамен 4,1 млн тоннаны құрады.
Әсіресе транзиттік тасымал айрықша өсім көрсетіп отыр. Қытайдан Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы 292 контейнерлік пойыз жөнелтілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12% артық.
Сонымен бірге, Қазақстандағы рекордтық астық түсімі нәтижесінде ҚТЖ Әзербайжанға астық жеткізуді 25 есеге арттырды. Қазіргі уақытқа дейін 600 мың тоннадан астам астық тасымалданған. Бұл көрсеткіш екі ел арасындағы жүк тасымалы бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз болатыны атап өтілді.
Кездесу барысында ҚТЖ басшылығы ТМД және Балтық елдерінің теміржол әкімшіліктері басшыларының отырысына да қатысты. Сонымен қатар «БКЛК – ЕТА» АҚ акционерлерінің кездесуі өтіп, онда компанияның стратегиялық даму бағыттары талқыланды.
Негізгі назар «Қытай – Еуропа – Қытай» бағытының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, контейнерлік тасымал үлесін кеңейтуге және Транскаспий халықаралық көлік дәлізі аясында интеграцияланған мультимодальды шешімдерді енгізуге бағытталды.
Тараптар серіктестікті нығайту, еуразиялық бағыттың тиімділігі мен тартымдылығын арттыруға арналған бастамаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі екенін растады. Қабылданған шаралар Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар нарығында БКЛК–ЕТА компаниясының жетекші ойыншы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.