Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері басталды
Әзербайжан астанасы – Баку қаласында Қазақстан Республикасының мәдениет күндері ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін екі елдің президенттері мәдениет күндерін өткізу туралы келісімге қол қойған. Оған сәйкес, Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Мәдениет күндері аясында "HasSak" фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жеке концерті өтеді. Шығармашылық ұжым соңғы 10 жыл ішінде қазақтың дәстүрлі музыкасының қайталанбас жанрларын заман ағымына сай жаңғыртып, ұлттық аспаптарда орындау арқылы дәстүрлі өнерді дәріптеп келеді.
Сондай-ақ, Баку қаласының тұрғындары мен қонақтары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының "Қарагөз" қойылымын тамашалай алады. Негізгі іс-шаралар 4 желтоқсанға жоспарланып отыр. Сол күні Қазақстанның бейнелеу өнері көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеде әртүрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін қазақстандық суретшілердің 46 бірегей туындысы қойылады.
Ал 5 желтоқсанда мәдениет күндерін Қазақстан өнер майталмандарының гала-концерті қорытындылайды. Іс-шараға Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, "Құрмет" орденінің иегері Зарина Алтынбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Әлішер Каримов, Медет Чотабаев, Әйгерім Бекетаева, "IL Canto", "Violas", "T&Y" топтары мен "Ұлытау", "Сазген сазы" және "Салтанат" мемлекеттік би ансамблі, сондай-ақ, Фикрет Амиров атындағы Әзербайжан мемлекеттік ән-би ансамблі қатысады.
Айта кетері, келесі жылы Қазақстанда Әзербайжанның мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр.