9 Қазан 2026, 19:08 Фото: media.az

Әзербайжанда 14 оқушы сабақта дайындаған гамбургерден уланып қалды

Технология сабағында гамбургер жеген 14 оқушының жағдайы нашарлап, ауруханаға жеткізілді. Тағамнан улану дерегі тексеріліп жатыр.

Әзербайжанның Бейлаган ауданында мектеп оқушылары тамақтан уланып, ауруханаға жеткізілді. Оқиға технология сабағында гамбургер дайындап, оны жегеннен кейін болған. Бұл туралы Мedia.az хабарлады.

Оқиға бүгін, түскі сағат 12:00 шамасында Эйвазалар ауылындағы Фахреддин Гулиев атындағы жалпы орта мектептің 7 «А» сыныбында болған.

Сабақ барысында мұғалім оқушыларға гамбургер дайындауды үйреткен. Дайындалған тағамды жегеннен кейін балалардың жағдайы нашарлаған.

Фото: media.az

Зардап шеккен 14 оқушы Бейлаган аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Медициналық аумақтық бөлімшелерді басқару жөніндегі бірлестіктің (TƏBİB) баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың жетеуі – қыз, жетеуі – ұл.

Оқушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта олардың ем-домы ауруханада жалғасып жатыр. Дәрігерлер барлық баланың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Оқиға тексеріліп жатыр

Әзербайжанның Азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

Агенттіктің алдын ала мәліметінше, оқушылардың жағдайы технология сабағында өздері дайындаған тағамды жегеннен кейін нашарлаған.

Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Оқушылардың улануына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.