Әзербайжан Жапонияға алғашқы мұнай танкерін жөнелтті
Жүкті Жапониядағы ең ірі жанармай құю станциялары желілерінің бірі саналатын ENEOS Holdings компаниясы сатып алған.
Иран төңірегіндегі жағдай шиеленіскеннен бері Әзербайжаннан шыққан мұнай тиелген танкер алғаш рет Жапонияға жетті.
Жүкті Жапониядағы ең ірі жанармай құю станциялары желілерінің бірі саналатын ENEOS Holdings компаниясы сатып алған.
Жапониялық БАҚ мәліметінше, кеме шамамен 45 мың килолитр мұнай жеткізген. Бұл Жапонияның тәуліктік мұнай тұтынуының 16%-ына тең. Жеткізілім Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына төнген қауіптер сақталған жағдайда энергия көздерін әртараптандыру саясаты аясында жүзеге асырылып отыр.
Бұған дейін Жапония билігі елде жеткілікті стратегиялық мұнай қоры мен баламалы жеткізу бағыттары бар екенін мәлімдеген болатын. Атап айтқанда, Токио Парсы шығанағы елдерінен импортты ұлғайту және АҚШ-тан сатып алу көлемін арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сонымен қатар, наурыз айынан бастап Жапонияда мемлекеттік резервтегі мұнайды сату басталды. Ішкі нарыққа ел қажеттілігін 45 күн бойы қамтамасыз ете алатын көлем шығарылған. Мұнай ішкі жанармай нарығын тұрақтандыру үшін көтерме компанияларға нарықтағы қазіргі бағадан төмен бағамен сатылып жатыр.
Жапонияның Taiyo Oil компаниясы да бір жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет Ресей мұнайының партиясын сатып алды. Сахалиннен шыққан мұнай тиелген танкер Жапонияға мамыр айының басында жеткен.
Бұған дейін Жапония Азия елдеріне жеткізу дағдарысына байланысты мұнай сатып алуға 10 млрд доллар бөлетіні хабарланған еді.
Ал Оңтүстік Корея Ормуз бұғазын айналып өтіп, Қазақстан мұнайының 18 млн баррелін сатып алу жөнінде келісім жасасты.