Әзербайжан СІМ: Мединский Қарабақ соғысы туралы шындықты бұрмалады
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединскийді Таулы Қарабақ мәселесі бойынша шындықты бұрмалады деп айыптады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мединский RT телеарнасына берген сұхбатында Таулы Қарабақты "бұрын даулы аймақ" деп атаған. Бұл пікірге байланысты Әзербайжан тарапы наразылық білдіріп, Қарабақтың елдің ажырамас бөлігі екенін және Ресейдің де бұл аумақты Әзербайжан аумағы деп мойындайтынын еске салды.
Өкінішке қарай, Ресей президентінің көмекшісі Ресей мен Украина арасындағы соғысты Қарабақтағы жағдаймен салыстырып отыр. Алайда мұндай салыстыру орынсыз. Себебі Әзербайжан ешқашан басқа мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзған емес және ешбір елге қарсы басқыншылық соғыс жүргізбеген, — делінген министрліктің мәлімдемесінде.
СІМ Мединскийге өз өкілеттігіне жатпайтын мәселелер жөнінде пікір білдіріп, мемлекетаралық қатынастарға нұқсан келтірмеуге кеңес берді.