Әзербайжан мен Қазақстан Ішкі істер министрлері кездесті
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әзербайжан астанасы Баку қаласында Әзербайжан Республикасының Ішкі істер министрі Вилаят Эвазов пен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың кездесуі өтті. Кездесуде екі елдің тұрғындарын тығыз байланыстыратын стратегиялық қатынастар, мемлекеттер арасындағы сенім мен бір-біріне деген құрметі, сондай-ақ ынтымақтастықтың серпінді дамуы сөз етілді. Тараптар қоғамдық тәртіпті қорғау, трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл, өзара ақпараттық байланысты арттыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін және олардың қылмыстық қол сұғушылықтардан құқықтарын қорғауға қатысты ынтымақтастық мәселесін талқылады, - деп атап өтті ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, министр Ахметжанов әріптесін ішкі істер органдарын жаңғырту, қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету және елдегі қылмысқа қарсы күрес туралы хабардар етті.
Кездесуге қатысушылар Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы Меморандумға қол қойды. Қонақтар полиция академиясының қызметімен, кезекші қызметтің және «102» колл-орталығының жұмысымен танысты, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде бір аптада 2775 қылмыс жасалғаны анықталды.