Бүгiн 2026, 07:14 Фото: Andrew Harnik/Getty Images

Әзербайжан мен Армения жаңа бейбіт кезеңге қадам басты

Әзербайжан Арменияға тауар транзитіне қойылған шектеулерді біржақты алып тастады.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Армениямен орнаған бейбітшілік ұзақ мерзімді әрі тұрақты болады деген үмітін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ АзерТадж ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы аясында France 24 арнасына берген сұхбатында ол Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісім туралы декларацияға қол қойылуын «тарихи құжат» деп атады. Әлиевтің айтуынша, құжатқа Дональд Трамптың қатысуымен Ақ үйде қол қойылған.

Президенттің мәлімдеуінше, алты айдан астам уақыт бойы екі ел шекарасындағы жағдай «өте тыныш»: атыс тіркелмеген, қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ. Сонымен қатар, Әзербайжан Арменияға тауар транзитіне қойылған шектеулерді біржақты алып тастап, мұнай өнімдерін жеткізуді бастаған. Бұл қадам екі ел арасындағы сауда қатынастарының жандануына жол ашқан.

Алайда Әлиев Армения Конституциясына өзгерістер енгізілмейінше толыққанды бейбіт келісімге қол қою мүмкін емес екенін айтты. Оның сөзінше, негізгі заңда Әзербайжанға қатысты аумақтық талаптар бар. Армения референдум өткізген жағдайда келісімге ресми түрде қол қоюға кедергі қалмайды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 8 тамызда Вашингтонда Никол Пашинян мен Ильхам Әлиев үшжақты кездесу қорытындысы бойынша бейбіт келісім және Әзербайжанның негізгі бөлігі мен Нахичевань арасындағы көлік байланысын құру туралы бірлескен декларацияға қол қойған болатын.