Азаттық үшін күрес баршамыз үшін құнды – Әбдіғалиұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық Түркі академиясы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына арналған «Хан Кенеге құрмет» шарасын ұйымдастырды.

Шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам және мемлекет қайраткері Абай Тасболатов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, сондай-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаттары, ғылыми орталықтардың басшылары, белгілі ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Шара басында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қараөткел» зиратында болып, осында жерленген Кенесары хан сарбаздарын еске алу дұғасы арқылы тағзым етті.

Одан кейін кездесу Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында жалғасты. Сапар барысында Түркі академиясы дайындаған «Кенесары хан» кітабының тұсаукесері өтті.

Дархан Қыдырәлі шараны Шыңғыс ханның ұрпағы, қазақтың соңғы ханы Кененің 220 жылдығына орай ұйымдастырғандығын айтты. Осы атаулы жиынның өтуіне қолдау көрсеткен Еуразия ұлттық университеті мен оның басшылығына ризашылық білдіріп, «Кенесары хан» атты кітаптың лентасы қиылды. 

Кітапты шығару идеясы бізге Тараз жерінде жүргенде келген. Сонау 1841 жылы барша Алаш бас қосып ұлық-ұлыстың ұлы ортасы Ұлытауда құрылтай өткізіп, хан Кенені ақ киізге көтеріп хан сайлағаны белгілі. Кеше Мемлекет басшысы таяуда Ұлытауда құрылтай өтеді деп айтып жатыр. Бұның өзі де жақсы сабақтастық. Кеше референдумда тарихи таңдау жоғары деңгейде өтті. Жаңа Қазақстанға қадам бастық. Біз де Халықаралық Түркі академиясы болып жаңа Қазақстанның алғашқы іс-шарасы ретінде хан Кенемен бастап отырмыз. Бұл шараны қолдап келіп отырған тұлғаларға алғыс білдіремін, - деді Дархан Қыдырәлі.

Алғашқы сөз кезегі Ұлытауда қызмет атқарған, Ұлытауды ұлықтап жүрген азамат, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлына берілді.

Әр ханның, әр басшының тарихта өз орны бар. Кенесары хан қазақ үшін күресті, азаттықтың символына айналды.  Бүгінде әріптестерімізбен Кенесарыға байланысты ақпараттарды топтастырып, бұрын шыққан құжаттар жиынтығын жаңартып жатырмыз. Бұйырса күзге қарай шығарамыз. Рухани жаңғыру жақсы бағдарлама еді. Бұл бағдарламаны жалғастыру керек.  Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында еліміздің әр аймағындағы қасиетті жерлерді зерттегенбіз. Кенесарының батырлары қай жерде жерленгенін анықтадық. Оның барлығын қасиетті жер деп білдік. Өйткені азаттық үшін күрес баршамыз үшін құнды. Бүгінгі күні Ақмола облысында Бесбатыр деген жер бар. Батырлардың кім екенін ешкім білмейді, бірақ Кенесарының бес батыры дейді. Сол секілді әр өңірлерде аттары анықталмаған қанша жан, қанша киелі мекен бар. Мұның барлығын анықтауымыз қажет, - дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Жинаққа Кенесары хан мен оның Наурызбай, Саржан, Есенгелді батырларының ерліктерін суреттейтін аңыз-әңгімелер мен тарихи жырлар топтастырылған. Бұл шығармаларда Кенесарының терең ой-өрісі, ханның асыл болмысы, қазақ жерін сыртқы жаудан қорғау жолындағы шайқастар, даңқпен қаза тапқан жауынгер батырлар бейнесі суреттелген.

Тәуелсіздігіміздің төртінші он жылдығына қадам басқан кезде түгендеп алатын екі дүниеміз бар екені ақиқат. Бірінші тарихымыз бен тіліміз. Бұл бүкіл зиялы қауымның алдына қойылған мақсат пен міндет. Соның көрінісі бүгінгі бір көрінісі Хан Кенені ұлықтау деп білемін. Елуінші жылдары ұлы тарихшы Бекмахановтың, жерлесіміз Есмағанбет Смайловтың істі болғандығын, Мұхатар Әуезовтың «Хан Кене» пьесасының сахынаға шығарылмағандығын бәріміз жақсы білеміз. Бүгінгі күні егемендіктің ақ таңын атыра отырып,осы дүниелерді еркін ұлықтай аламыз. Кешегі күні Абылайлардың, Кенесарылардың атын ататпаған күннің өзінде қазақ халқы өр тұлғаларының ерлігін дәріптеп,ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Халық жүрегінен батырларымыз бен шоқтығы биік тұлғаларымыз ойып алардай орын алды. Оларды мәңгі жүрегіміз бен санамызда сақтаймыз, - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев

Айта кетерлігі, Кенесары ханның өмір жолын, жорықтары мен шайқастарын суреттейтін көптеген жыр-дастандар ел ішінде сақталған. Олардың алғашқы нұсқалары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жазылып, жариялана бастады. Халық әнінің алғашқы нұсқасын көрнекті түркітанушы В.В. Радлов 1870 жылы «Оңтүстік Сібір мен Жоңғар даласын мекендеген түркі тайпаларының халық әдебиетінің үлгілері» атты іргелі еңбегінде «Кенесары жыры, Кенесары жырының бірнеше ауызы» деген атпен жариялады. С.Жантөрин мен Т.Сейдалин өлеңді қағазға түсіріп, кейін орыс тіліне аударып, 1875 жылы Императорлық Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің «Записка» журналында жариялады.

Одан кейін Ж.Шайхисламуланың орындауындағы «Кенесары-Наурызбай» поэмасы 1912 жылы Қазан қаласында жеке кітап болып басылды.

Нысанбай-жыраудың Ж.Басығарин жазып алған нұсқасын Х.Досмұхамедұлы 1923 жылы Ташкентте туған, кейін Н.Төреқұлов 1924 жылы Мәскеуде жеке кітап етіп шығарды.

Кенесары туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы да өз пікірін ортаға салды.

Бүгін елордада ерекше күн. Тарихтың күрделі,әрі тағылымды кезеңіне тағы да оралып отырмыз. Қазіргі түрлі геосаяси жағдайлар, мемлекетіміздің референдумнан кейінгі жаңа Қазақстанның жаңа белесі, біздің тарихқа,өзіміздің жағдайымызға,қауіпсіздігімізге жаңаша көзқараспен қарауымызды талап етеді.

Бұрын алаш зиялыларын ескі оқығандар деген екен. Сол зиялылар Астана Кенесарының ескерткіші мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен басталғандығын айтқан. Кенесары туралы Сұмағұл Сәдуақасұлының «Сәрсенбек» деген 1922 жылы жазған романы бар. Романда 1916 жылдың күрделі оқиғасы мен алаш зиялыларының Кенесары туралы ойлары жазылған.

Романда зиялылардың көзқарастары мен пікірлері қолдаушылар мен қарсы шығушылар болып екіге бөлінген.

Сонда бір зиялы: «біздің қазіргі революционер деп жүргендеріміз Кенесарының тырнағына тати ма?»,-деген екен.  Расында қазақ жұртының басын қосқан кемеңгер тұлғаның ерлігін ескермеу өрескел қателік.

Алаш зиялыларының кезіндегі ескеретін деталь  біразының балаларының аты «Ескендір». Арасында Кенесары деген балалар да бар. Сол Ескендірді үйде еркелетіп айтқан кезде «Кенеке» дейді. 

Осының барлығы өңірде ойдың, трансформация болғандығының дәлелі. 

Негізгі мәселе Кенесарының бас сүйегі. Бұл бекер көтерілген дау емес. Үлкен саяси мәселе. Оны алып келудің жолдарын,алып келген күннің өзінде оны қайда қоярымызды ойластыруымыз қажет, - дейді  Дихан Қамзабекұлы.

Түркі академиясы дайындаған «Кенесары хан» кітабын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкерлері құрастырған. Қорлардағы қолжазбаларды жинаған Нұржұма Елесбай мен Насихат Нәбиолла текстологиялық жұмыстарды да атқарды.

Автор: Раушан НҰРҒАЛИЕВА

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы