Азаттық радиосының президенті ауысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаттық радиосы медиакорпорациясының жаңа президенті болып Джейми Флай тағайындалды. Мұндай шешімді корпорацияның директорлар кеңесі қабылдады. Джейми Флай қызметіне 1 тамызда кіріседі.
"Джейми Флайдың геосаясатты түсінуі, адам құқығы мәселесіне бейілдігі және Вашингтон мен халықаралық қауымдастықта танымалдығы оны медиакорпорацияның басшылығына лайықты кандидат етті. Оның көмегімен Азат Еуропа/Азаттық радиосы Шығыс Еуропада, Орталық Азия, Ауғанстан, Пәкістан пен Иранда әртүрлі платформада сапалы өнім таратуын жалғастыра береді» деді АҚШ агенттігінің ғаламдық медиа жөніндегі басқарма төрағасы Кен Вайнштейн.
Джейми Флай — сыртқы саясат жөнінде маман. Ол АҚШ-та Герман Маршалл қорында және АҚШ Конгресінде жұмыс істеген. АҚШ қорғаныс министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік кеңесінде түрлі қызметте болған.
Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес, 2018 жылдан бері Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті міндетін атқарып келген Дейзи Синделар 1 тамыздан бастап корпорациясының бас редакторы болады.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы – 22 елден 26 тілде түрлі платформаларда (интернет, радио, телеарна, видео) хабар тарататын коммерциялық емес медиакорпорация. Корпорацияны АҚШ конгресі жаһандық медиа агенттігі арқылы қаржыландырады. Америкалық шенеуніктерге, үкімет мүшелеріне корпорацияның редакциялық саясатына араласуға тыйым салынған. Азаттық радиосының аудиториясы ондаған миллион адамға жетеді. Медиакорпорацияның штаб-пәтері Прагада орналасқан.