Азат Перуашев: Президент бұдан былай саяси партияларды жақтамайды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев Қостанай облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді.

Мәжіліс депутаты Тобыл өңіріндегі бірінші күнгі сапарын облыс орталығындағы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының ұжымымен кездесуден бастады. Онда ол алдағы референдумның маңызы мен еліміздегі қандай оңтайлы өзгерістердің болатынын жан-жақты түсіндіріп берді.

Еліміздегі түбегейлі өзгерістердің алғашқы қадамдарына қаңтар айындағы оқиғалар түрткі болды. Біз 2020 жылы елдегі бюрократия мен сыбайлас жемқорлықтың тамырын тереңге жаюының салдарынан  халықтың кедейленіп, әлеуметтік сыйпаттағы жіктердің пайда болғанын айтқан едік. Өздеріңіз көріп отырғандай осылардың барлығы бітеу жара секілді асқынып келіп, бір сәтте бұрық етіп сыртқа шықты. Өткен іс өтті. Енді болашаққа үміт арту керек. Бұл - тарихи заңдылық. Бізде халықтың талап-арыздарын естісе де, естігісі келмейтін басқару жүйесі ұзақ жылдар бойы қалыптасты. Осы бір дақты кетіру үшін өзімізден бастауымыз керек. Президент мұны іспен дәлелдеп берді. Биліктің шектен тыс үстемдік етуі біздің тығырыққа тірелуіміздің басты себебі деп есептеймін, - деп сөз бастады Азат Перуашев.

 Енді Президент бірде-бір саяси партияны жақтамайды, оған мүше болуы міндетті емес деп атап өтті  Мәжіліс депутаты.

Ел тарихының 30 жылы ішінде қаншама дағдарыс пен құлдырауды, қымбатшылықты бастан өткердік. Бірақ сол әркеттерге жол берген бір партия сайлауда жүз пайызға жуық дауыс жинап жеңіске жетіп келді. Сіз бұған сенесіз бе? Мен сенбеймін, - дейді Азат Тұрлыбекұлы.

Ерекше айта кетерлік бір жайт, осыдан былай Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік мекемелерде басшылық лауазым атқаруына заңмен тыйым салынбақ.

Мен бұл мәселені елдегі мықты деген экономика сарапшыларымен талқыладым. Бір қызығы, олар бұл түзетуге қарсы шықты. Сарапшылардың пайымдауынша Президенттің балалары заман талабына сай озық білім мен тәрбие алып, әлемдік дәрежеде ең жақсы тәжірибеден өтеді екен.Президенттің туған-туыстары ғана елді басқаруы тиіс деп есептейді. Әйтпесе, оның орнына қарапайым біреу келсе мемлекетті құлатады-мыс. Мен мұндай сыңар жақ пікірді бірінші рет естідім және онымен үзілді-кесілді келіспеймін. Сонда 19 миллион қазақстандықтың ішінде шынымен ақылды, адал, озық, парасатты адамдар жоқ па?, - дейді Азат Перуашев.

Азат Перуашев бұл реформаларды ел болып қолдау қажет деп санайды. Оның басты себебі алдағы түзетулер іске асса Президент өзін жергілікті мемлекеттік органдардың қызметіне араласу құқығынан шектеп отыр. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту мақсатында жасалып отыр. Осындай тың қадамдардың арқасында жергілікті билік бірінші кезекте қандай қажеттіліктерді қамту керектігі бойынша шешімді өзі қабылдайды.

Түзетулер сонымен қатар парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуді, әділ соттың пайда болуын ұсынады. Мұның қаншалықты маңызды екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Адал мемлекет құруға бет алсақ, бізге адал да ашық сот керек. Енді судьяларды жұмысқа іріктеп, қабылдау жұмыстары тікелей эфирде өтеді. Бұл процесті еліміздің әрбір тұрғыны бақылай алады,- деп сөзін түйіндеді Азат Перуашев.

«Ақжол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев одан кейін «Beef Export Group» және «Компания Саламат» ЖШС-нің қызметкерлерімен кездесті.

Парламент Мәжілісі депутатының сапары бұдан әрі кеншілер қаласы Рудныйда жалғаспақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы