Азат Перуашев: Bek Air компаниясы дереу жасауы тиіс әрекеттерді әлі жасамаған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев премьер-министр Асқар Мамин мен бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов атына депутаттық сауал жолдады.
Bek Air компаниясының ұшағы апатқа ұшырағанына бір ай өтті. Нәтижесінде 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Ал кеше оқиғадан зардап шеккен 13-ші адам, экипаждың екінші ұшқышы Миржан Мулдакулов қайтыс болды. Үкіметтік комиссия әзірге апаттың негізгі себебі ретінде лайнердің мұздануын атады. Комиссия оқиғаны әлі зерттеп жатыр. Осы ретте Bek Air компаниясының басшылығы қайғылы оқиғадан кейін ресми қорытындыны күтпестен, өзінің жеке нұсқаларын көпшілік алдында ұсына бастады. Мұндай мәлімдемелерді қоғам пікіріне ықпал етудің әрекеті деп бағалауға болады, – деді "Ақ жол" фракциясы атынан депутаттық сауал жолдаған Перуашев.
Оның сөзінше, Bek Air компаниясы қайғылы оқиғаның алғашқы сәтінен бастап дереу жасауы тиіс әрекеттерді әлі күнге дейін жасамаған.
13 адам қайтыс болды, көбі жарақат алды, отбасылар асыраушысы мен үмітінен айырылды. Құдай сақтасын, бірақ мұндай жағдайда кез келген жауапты компания зардап шеккендерге заңды және керек болса қосымша қолдау көрсетеді ғой. Осы оқиғаға кінәлі деп мұздалуға қарсы сұйықтықты үнемдеген ұшқыштарды атауы мүмкін. Құдды сол сұйықтықты үнемдеу солардың шешімі болғандай. Өлілер өзін қорғай алмайды. Алайда бұл қаншалықты дұрыс? – деді депутат.
Осыны айтқан Азат Перуашев нақты талаптар қойып, еліміздегі ұшу қауіпсіздігінің жай-күйі туралы парламенттік тыңдаулар өткізу мәселесін қарауды ұсынды.
Прокуратура органдары Bek Air компаниясынан моральдық залал мен зардап шеккені үшін өтемақы өндіріп алу туралы талап-арыз қозғасын. Өкілетті органдар компанияға ұшпай қалған рейстердің билеттері үшін ақшаны қайтаруды қамтамасыз етуді тапсырсын. Болған трагедияға қатысты барлық күдікті адамдарға қолданылатын шаралар туралы қоғамды хабарландырып отырсын, – деп сөзін қорытындылады мәжіліс депутаты.