Азаматтық қорғау академиясынан алғашқы офицер қыздар түлеп ұшпақ

ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы – еліміздегі азаматтық қорғау органдарына білікті кадрлар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл академияға 105 курсант қабылданды, олардың 4-еуі Қырғызстан Республикасынан, 2-еуі Тәжікстан Республикасынан, сондай-ақ 29 магистрант сырттай оқу түріне қабылданды. 10 адам Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық оқу орындарында білім алуға жіберілді.

Академия үшінші жыл қатарынан қыздарды күндізгі оқу бөліміне қабылдауда. Қазіргі уақытта 14 курсант қыз оқып жатыр. Азаматтық қорғау саласында білім алып жатқан алғашқы офицер қыздар 2027 жылы оқу бітіреді, бұл оқу орнының тарихындағы маңызды кезең болмақ.

Академия тарихында алғаш рет курсант қызға арнайы шен берілді. Күндізгі оқу факультетінің 3-курс курсанты Крюкова Анастасия Борисовна азаматтық қорғау кіші сержанты шенін иеленді. Бұл оқиға азаматтық қорғау органдарында қызмет етуді өз болашағымен байланыстыратын қыздарға  шабыт береді.

Академияның оқу бағдарламаларына инновациялық технологиялар енгізілген, атап айтқанда төтенше жағдайларды алдын алу және оларды жою үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) пайдалану, «QGIS» платформасында электрондық карталармен жұмыс істеу, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі жағдайын тексеру мен өрт орнының тексеру үшін виртуалды тренажер-симуляторларды қолдану. Бұл тек оқыту сапасын арттырып қана қоймай, болашақ мамандардың азаматтық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге дайындығын күшейтеді.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры, ғалым-педагог Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығына арналған «Өрт қауіпсіздігінің, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюдың өзекті мәселелері» атты XVI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Бұл іс-шара азаматтық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды.

Оқу орнының инфрақұрылымын дамыту және оқу процесін жетілдіру мақсатында жаңа академияның құрылысы жоспарлануда. Жоба қазіргі заманғы талаптарға сай әзірленіп, оқу аудиториялары, зертханалар, әкімшілік және қызметтік үй-жайлар, мәдениет үйі, спорттық кешендер, сондай-ақ арнайы дайындық үшін оқу-әдістемелік кешендерді қамтитын болады. Жаңа академияның құрылысы материалдық-техникалық базаны айтарлықтай нығайтып, курсанттар үшін қолайлы әрі тиімді білім беру ортасын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Азаматтық қорғау академиясы заманауи кадрлар даярлау тәсілдерін енгізіп, елдің азаматтық қорғау жүйесінің әлеуетін нығайту арқылы сенімді түрде дамуын жалғастыруда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы