Азаматтық қоғамды мазалап келе жатқан бірқатар мәселе бар – Бану Нұрғазиева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысы кезінде «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева айтты.

Белсенді азаматтық қоғам – мемлекеттің стратегиялық міндетін табысты шешу факторы болып отыр. Пандемия басталғалы бері үкіметтік емес ұйымдар түрлі салада жүргенімен, кез келген қиыншылықты еңсере алатынын байқатты. Баршамыз індеттің айналасында азаматтық қоғам өкілдерінің топтаса алатынын және халық пен билік арасындағы өзара тиімді диалогты қамтамасыз етуге ықпал ететіндігін көрдік. Оқшаулану – коммуникация форматының  өзгеруіне алып келді. Жеке байланысқа ештеңе жетпейтіні белгілі, алайда, жаңа жағдайларға жылдам бейімделіп, коммуникацияның маңызды бағыттарын сақтай алдық. Қайырымдылық пен ерікті қызметі жалпыұлттық масштабқа жетіп, әлеуметтік нормаға айналды. «Қазақстанның Азаматтық форумы» алғаш рет қашықтық форматында өткізілді. 40-тан астам түрлі форматтағы диалог алаңының онлайн режимде өткізілуі 20 мың адамды қамтып, бұрын-соңды болмаған жағдайға әкелді. Форум нәтижесінде 650-ден астам ұсыным пайда болды, бұл - азаматтық қоғам белсенділігінің артқанын көрсетеді, - деді ол.

Бану Нұрғазиева бұл секторға мемлекет, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау барын атап өтті. Ол сондай-ақ, талай жылдан бері азаматтық қоғамды мазалап келе жатқан бірқатар мәселе барына тоқталды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасының негізгі механизмі саналады. Алайда, бұл заңның жетілдірілмеуі – 15 жылдан бері үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) институционалдық дамуына кедергі келтіріп келеді. Мысалы, бұл заң кез келген материалды-техникалық құралдар алуға (компьютер, көшірме жасау құрылғысы, жиһаз) тыйым салады. Сонда үкіметтік емес ұйымдарды қалай дамытуға болады? Бұдан бөлек, ҮЕҰ «жобадан - жобаға» немесе «байқаудан - байқауға» принципі бойынша жұмыс істейді. «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар туралы» заңның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бақылауы – әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру процесін қиындатады. Себебі, процедуралар ұзақ әрі күрделі жүргізіледі. Жергілікті әкімдер ҮЕҰ-ға аймақтық мәселелерді шешуге қаржы бөлуге дайын. Бірақ, қаражат бөле отырып, жобаны басқа өңірдің ҮЕҰ жеңіп алуына түбегейлі қарсы. Өйткені, Алматыда отырып, Маңғыстау өңіріндегі жобаны ол жақтың әлеуметтік проблемаларын, спецификасын білмей, жолға қою көңілге қонымсыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы