"Азаматтарымыз ішіп алып, алдынан шықса, ұят қой". Депутат арақ сатуға тыйым салуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатуға және оны ішуге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Мәжілісте Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Заң аясында депутаттар жауапты орган өкілдеріне сұрақ қойды.

Осыдан 1-2 жыл бұрын Түркістанда болғанбыз. Түркістан – рухани астанамыз. Түркістан – арақсыз қала. Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, "ләйліп" көшеде жүруге тыйым салсақ... Өйткені Түркістан рухани астанамыз болғандықтан бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Шетелден көп қонақ келгенде біздің азаматтарымыз ішіп алып, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында "Арақсыз қала", "Рухани қала" деп араққа тыйым салуға бола ма? – деп сұрады депутат Ардақ Назаров.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыста 30-дан аса ауыл “Ішімдіксіз ауыл” деген жобаға қосылғанын айтты.

Түркістан облысында "Ішімдіксіз ауыл" деген арнайы жоба жарияланған. Осы жобаға біздің облыс бойынша 30-дан астам ауыл қосылып отыр. Бұл бастама Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, әртүрлі қоғам белсенділерімен талқылаулар түрлі форматта өткізілген. Дегенмен Түркістан қаласының негізгі рухани-мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан ол мәселеге де түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе де орынды, - деді Тәжібаев.

Ол алдағы уақытта заң жобасы қабылданғаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санайды.

Айта кетейік, Түркістанда тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысан салуға рұқсат етілмеуі мүмкін екендігі туралы осыған дейін жаздық.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ Мәжілістің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы