Азаматтарға 5 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген
Бұл туралы ІІМ өкілі Шыңғыс Алекешев брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы ішкі істер органдары халыққа 105 қызмет түрін көрсетеді.
Жыл басынан бері азаматтарға 5 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Негізі полиция көрсететін қызметтер барлық азаматқа қатысты. Яғни, бұл төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу және басқалар. ІІМ жылына 10 миллионнан астам азаматқа қызмет көрсетеді. Мемлекеттік қызмет алуға күніне орта есеппен 40 мыңдай азамат жүгінеді, - деді ол.
Сондай-ақ ол ІІМ желісі бойынша ең көп сұранысқа ие қызметтерді де атап өтті.
Төлқұжаттар мен жеке куәліктер, жүргізуші куәлігін беру, көлік құралдарын тіркеу, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу. Мысалы, жыл сайын көлік құралдарын тіркеу мәселесі бойынша 2,5 миллионнан астам азамат, ал жүргізуші куәлігін алуға 1 миллионнан астам адам жүгінеді. Құжаттарды рәсімдеу немесе оларды ауыстыру үшін шамамен 2,5 млн азамат жүгінсе, 2 млн-ға жуық адам тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесімен келеді, - деді Шыңғыс Алекешев.