Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіподақтар федерациясында онлайн және офлайн форматында елорда кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары кездесіп, азаматтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау мәселелерін талқылады.
Қалалық мәслихат пен кәсіподақ орталығы арасындағы меморандум аясында өткен кездесуге Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары – Nur Otan партия фракциясының мүшелері Зейнулла Шибкенов, Рамзия Өмірбаева және «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғыс Қожахметов қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы Төлеген Күнәділов кәсіподақтар қызметінің басты бағыттарының бірі жұмысшылардың мүддесін қорғауда, жұмыс орнындағы қауіпсіз еңбек жағдайларына және олардың денсаулығын сақтауда атқарылған істерге тоқталды.
Сонымен қатар кәсіподақ өкілдері саланың өзекті мәселелері бойынша өз ұсыныстарын айтты.
Атап айтқанда, «Қазақстандық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының» қалалық филиалы төрағасының кеңесшісі Әлібек Саттаров мәдениет және спорт объектілерін оңтайландыру және сенімгерлік басқаруға беру мәселелерін қайта қарауды, спорт мектептерінің, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының жаттықтырушыларына жалақыға 25% үстемеақы төлеу жөніндегі мәселені пысықтауды, мамандандырылған білім беру ұйымдарына жатпайтын спорт мектептерінің, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының жаттықтырушыларының мәртебесі мен жалақысын ұлғайтуды айқындауды, сондай-ақ, спорт мекемелеріндегі медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен жалақысының өсуін анықтауды ұсынды.
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 7-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар педагогке коммуналдық қызметтер үшін өтемақы төлемдері үшін әлеуметтік қолдауға бағытталған жеңілдіктер белгілеуге құқылы, - деді «Әділет» қалалық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев.
Оның айтуынша, коммуналдық қызметтерге және отын сатып алуға өтемақы шығындарының мөлшері республика өңірлерінің климаттық жағдайларына байланысты емес. Яғни қатты отынның бір тоннасының құнына сәйкес келмейді, тиісінше, оны сатып алу педагогтердің шығындарын өтемейді. Қаражат бөлу жергілікті атқарушы органдардың мүмкіндіктері мен тілектеріне байланысты.
Білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту аясында Нұр-Сұлтан қаласында жаңа мектептер салынып, пайдалануға берілуде. Тиісінше, мұғалімдердің тапшылығы бар.
Коммуналдық қызметтерге қаражат бөлу және отын сатып алу елорда педагогтері үшін неғұрлым қолайлы еңбек жағдайларын жасайды, сондай-ақ, республиканың басқа өңірлерінен педагогтерді тарту мүмкіндігіне әсер етеді деп ойлаймыз. Жоғарыда аталған мәселені шешуге сіздердің жәрдеміңізді сұраймыз, - Әлиев.
Сонымен қатар, «Сенім» Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қалалық филиалының төрағасы Руслан Сатыбалдеев пандемия кезінде елордалық медқызметкерлерге көрсеткен қызметтері туралы баяндады.
Пандемия кезінде жұмысқа тартылған, науқастармен тікелей қарым-қатынаста болған медицина қызметкерлеріне елордалық филиал тарапынан өз мүшелеріне барынша материалдық көмек көрсетілді, дезинфекция және жеке қорғаныс құралдарымен, азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді, санаторийге сауықтыру үшін жолдамалар бөлінді, - деп атап өтті ол.
Кездесу барысында Сатыбалдеев төленбей келе жатқан үстемақы мәселесін қозғады.
Бірақ тамыз айынан бастап бірқатар медицина қызметкеріне, соның ішінде, жедел жәрдем көліктері жүргізушілерінің, медициналық ұйымдар асханалары, кір жуатын орындар қызметкерлерінің, ауруханалардың, госпитальдардың, емханалардың, блок бекеттердің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз еткен басқа да қызметкерлерге үстемақы төленбей келеді. Бұл мәселені кәсіподақтар өз деңгейінде көтеріп жүр. Депутаттар тарапынан осы сұрақты шешуге қолдау көрсетсеңіздер, - деп сөзін түйіндеді Сатыбалдеев.
Кездесу қорытындысы бойынша жиналғандар талқыланып отырған саладағы проблемалық мәселелерді Nur Otan партиясының алаңында қарау және заңнамада норма әзірлеу немесе өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.