Азаматтардың банкроттығы. Заңда не айтылған және кім өзін банкрот деп жариялай алады?
Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев депутаттарға «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігі және банкроттығы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр заң жобасын әзірлеген кезде жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесін саралап, оңтайлы нормаларын алғандарын айтты.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастай алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық рәсімі, оған азаматтар банктер, микроқаржылық ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден (1 600 АЕК) аспаса және ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы болса (36 018 теңге) өтініш бере алады, - деп айтты министр.
Сөзінше, борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Соттан тыс банкроттық «Электронды үкімет» веб-порталында басталады.
Кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.
Сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің жаман пиғылы болмаса есептен шығаруға жатады, - дейді Жамаубаев.
Сот банкроттық рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады:
• заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
• кәсіби бухгалтерлер;
• заң консультанттары;
• аудиторлар.
Соттан тыс және сот банкроттықты қолдану сәтінен туындайтын салдар қарастырылған:
• борыштық міндеттемелердің мерзімі өткен болып саналады;
• кредиторлардың борышқорден міндеттемелерді орындауын талап етуіне тыйым салу;
• тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және сыйақыны есептеуді тоқтату;
• берешекті өндіріп алу туралы сот шешімдерінің орындалуы тоқтатылды;
• борышкерге несие алу, кепілдіктер беру бойынша мәмілелерді жасауға тыйым салу.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды, - деп түсіндірді Қаржы министрі.
Министр банкроттықтан кейін пайда болатын салдарлар туралы да ескерте кетті. Олар:
1) жобада 5 жылға несиелер мен кредиттер алуды шектеу көзделген;
2) азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады;
3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді.
Сөзінше, азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану қажет.
Мәжіліс заң жобасын дауысқа салып, құжатты мақұлдады.