Азаматтар қыз алып қашуды әлі дәстүр ретінде қабылдайды: Депутат Нұрайдың өлімі жайлы
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сталкинг, қыз алып қашу және Нұрайдың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс. Қыз алып қашудың да бірақ формасы бар. Егер екеуара келісіммен жүзеге асатын болса, онда да олар кәмелет жасына толған азаматтар болса, онда әрине бұл қылмыс болмайды. Қалған жағдайда, зорлықпен жасалған әрекеттің барлығы қылмыс. Қызды былай қойыңыз, ер адамды ұстап алып, мәжбүрлі түрде бір нүктеден екінші нүктеге апарсаңыз, сіз «Адам ұрлау» деген баппен сотталасыз. Ал неге қызды ұрлаған кезде ол қылмыс болмауы керек? Сондықтан, бұл қылмыс, – деп түсіндірді депутаты.
Абзал Құспан профилактикалық іс-шараларды көбірек жүргізу қажет екенін айтты.
2025 жылдың маусым айында біздің басшылықтың атынан Үкіметке хат жолдадым. Сонда профилактикалық іс-шараларды күшейту керек, заңды түсіндіру жұмыстарын күшейту керек деп нақты көрсеттім. Себебі жәбірленушілердің өздері құқықтарын біле бермейді. Олардың туыстары да дәстүр ретінде қарайтындай жағдай қалыптасты. Ал екінші бір мәселе – Ішкі істер органдары құқық қолданушы ретінде дұрыс қолданбай отыр. Ол кешегі Нұрайдың өлімі, – дейді депутат.
Ол депутаттық сауалында бұл дәстүр (қыз алып қашу – ред.) ретінде қабылдайтын оңтүстік өңірлерде өзекті деп жазған.
Сонда бізді оңтүстік аймақтардан тек Қызылорда облысы ғана шақырды. Өңір басшысы Нәлібаев жеке өзі телефон арқылы шығып, «осы заңдарды бізге түсіндіріп беріңізші, мен халықты жинайын» деп айтты. Оңтүстіктің қалған өзге өңірлері бұл мәселеге селт етпеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көптеген жәбірленушілер өз құқықтарын білмейді. Мысалы, марқұм Нұрай өзіне қатысты жағдай бойынша құқықтық мүмкіндіктерді толық түсінбеген. Егер сталкингке немесе Қылмыстық кодекстің 125-бабының 1-бөлігіне қатысты нормалар дұрыс түсіндіріліп, қолданылғанда, жағдай басқаша өрбуі мүмкін еді, – деп түсіндірді Құспан.
Депутат атағандай, азаматтардың бұл нормаларды білуі міндетті емес, керісінше, заңды дұрыс қолдану – құқық қорғау органдарының тікелей міндеті. Алайда практика көрсеткендей, полиция қызметкерлері арыздарды қабылдау және қарау барысында заң талаптарын толық сақтамай отыр.
Осы себепті сталкинг, қыз алып қашу секілді әрекеттерді қылмыстандыру – ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізілген болатын. Бұл нормалар былтыр күшіне енді, бірақ оларды қолдану тәжірибесінде әлі де жүйелі мәселелер бар, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты пленарлы отырыстың кулуарында.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Көп қабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.
Кеше өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда неке институтын ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заң жүзінде ресми бекіту қажет екенін айтқан еді. Мемлекет басшысының сөзінше, қыз алып қашу – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс.