Азаматтар медициналық сақтандыру бойынша ұсынылатын медициналық көмек үшін қосымша ақы төлемеуі тиіс
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Емделушілер тегін медициналық көмек немесе МӘМС бойынша ұсынылатын медициналық көмек үшін қосымша ақы төлемеуі тиіс. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Пациенттерден тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қарастырылған қандай да бір медициналық қызмет үшін не шығыс материалы немесе дәрілік препараттар үшін қосымша ақы төлеуді сұрайтынын жиі естиміз.
Қосымша ақы төлеу қажет пе? Нақты мысалдармен қарастырайық.
• Сізден МРТ, КТ немесе рентген-тексеру нәтижелері бар дискіге немесе пленкаға қосымша ақы төлеуді сұрайды.
• Пленка мен оптикалық жеткізгіш үшін, яғни рентген, компьютерлік томография немесе магнитті-резонанстық томография нәтижелерін жазу үшін дискіге қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ. Бұл шығындар ТМККК немесе МӘМС есебінен көрсетілетін қызметтердің құнын жасақтау кезінде ескерілген.
Тікелей шығыстарда қызмет көрсету процесіне қатысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу, сервистік қызмет көрсету, оның ішінде пленкаға арналған шығыстар болса, үстеме шығыстарда кеңсе тауарлары, коммуналдық шығыстар, оның ішінде дискілерге арналған шығындар көзделген.
• Сізден кейбір шығын материалдары үшін, мысалы, стернальды пункция кезінде ине үшін бөлек төлем жасау сұралады немесе емхананың төлемге кепілдік хатын талап етеді.
• Емханамен бірлесіп медициналық қызметтер көрсетуге/орындауға шартын жасасқан Бірлесіп орындаушының ҚР ДСМ 2020 жылғы 20 желтоқсандағы №291/2020 бұйрығымен бекітілген қызметтерге ақы төлеу қағидаларының 34-тармағына сәйкес емханадан немесе пациенттің өзінен шығыс материалдарына қосымша шығындардың өтелуін талап етуге құқығы жоқ. Сондықтан мұндай кез-келген талап заңсыз.
Стернальды пункцияға арналған инеге келетін болсақ, ол қызмет құнына кіреді және МӘМС есебінен толық ұсынылады.
• Сізден дәрі-дәрмектерді күндізгі стационарға әкелуді немесе сол жерде олар үшін төлем жасауды сұрайды.
• Сіз оны төлеуге тиісті емессіз.
• Стационарды алмастыратын жағдайларда, яғни күндізгі стационарда, емдеуші дәрігердің жолдамасы болған жағдайда, негізгі ауруды емдеу толықтай ТМККК және/немесе МӘМС қаражаты есебінен жүргізіледі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тегін ұсынылуы тиіс.
• Егер сізге медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда немесе шығын материалдары үшін қосымша ақы төлеу сұралатын болса, медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне хабарласыңыз немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына көрсетілген байланыс арналары арқылы хабарласыңыз:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
@saqtandyrybot телеграмботы
1406 байланыс орталығы
Қордың fms.kz сайты.