Азаматхан Әміртаев «Байтақ» партиясының съезіне дайындық қалай өткенін айтты
Айтуынша, делегаттарды іріктеу барлық өңірде жүргізілген.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның кезектен тыс съезіне дайындық шамамен екі айға созылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте мәлімдеді.
Партия төрағасының сөзінше, осы уақыт ішінде еліміздің барлық өңірінде дайындық жұмыстары жүргізіліп, делегаттарды іріктеу бірнеше кезеңнен өткен.
Партияның кезектен тыс съезіне дайындық шамамен екі айға созылды. Осы уақыт ішінде аудандар мен өңірлерде жиналыстар өткізіліп, облыстық конференциялар ұйымдастырылды. Сол конференцияларда делегаттар анықталып, олардың барлығы съезге қатысты, – деді Азаматхан Әміртаев.
Оның айтуынша, съезге делегат мәртебесі жоқ азаматтар да келген. Алайда олар дауыс беру рәсіміне қатыстырылмаған.
Съезге сырттан келген азаматтар болды. Бірақ олар делегат болмағандықтан, дауыс беру процесіне қатыса алмады, – деді партия төрағасы.
Әміртаев қазіргі кезеңде партия үшін ең басты міндет – ұйым ішіндегі бірлікті сақтау және сайлау науқанын нәтижелі өткізу екенін атап өтті.
Бүгінде біздің басты міндетіміз – партияның бірлігін сақтап, сайлау науқанынан нәтижелі өту. Сондықтан қазір осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатырмыз, – деді ол.