Қазақстаннан тек оффшорлық аймақтарға 140 миллиард доллар шығарылған - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы бес жыл ішінде шетелге капитал шығаруға байланысты 238 қылмыстық іс қозғалған, бірақ бірде-бір тергеудің нәтижесі бойынша елге ақша қайтарылмаған. Бұл туралы депутаттық сауал жолдаған сенатор Ольга Перепечина айтты.

Бізде шетелге капиталды шығарудың мөлшері туралы нақты мәліметтер жоқ. Өйткені мониторинг пен бағалаудың бірыңғай жүйесі қалыптаспаған. (...). Сондықтан халықаралық Tax Justice Network ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 20 жыл ішінде Қазақстаннан тек оффшорлық аймақтарға 140 миллиард доллар шығарылған, - деді депутат.

Оның айтуынша, 2015-2019 жылдар аралығында қаржы министрлігінің іс жүргізуінде ұлттық және шетел валютасын қайтару талаптарын сақтамау фактілері бойынша 238 қылмыстық іс тіркелген. Бір қызығы, 238 істе ақталып, тоқтатылған. Тек үш қылмыстық іс сотқа жолданды.
Тоқтатылған 238 істің шамамен 70 пайызы немесе 170 ісі құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылды. Яғни, шетелге капиталды шығару фактісі бар, бірақ бұл факт ұлттық заң бойынша қылмыс санатына жатпайды, - деп атап өтті Перепечина.
Ол сотқа жеткен үш істің ішінде де, қайтару мәселесі қарастырылмағанын айтып отыр. Себебі қылмыстық іс жүргізу кодексінде қайтару міндеттемесі қарастырылмаған.

Капиталдың заңсыз шығарылуына қарсы іс-қимыл жүйесі жетілдірілмеген. (...) Капиталдың шетелге кетуі сияқты жағдайды бақылау және экономикалық зерттеу жоспарлары бар ма? Оны қай мемлекеттік орган іске асырады? Ұлттық заңнама қаражатты шетелге шығарудың көптеген заңды тәсілін қолдануға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, капиталды заңсыз алу фактісі анықталған кезде де, шетелден алынған қаражатты қайтару бойынша міндеттемелер жоқ, - деді депутат.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Мамин мен ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевқа жолдады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы