Қазақстандық жастар үшін 2019 жыл қалай өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жас ұрпақты жан-жақты қолдау мақсатында 2019 жыл "Жастар жылы" деп жарияланды. ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаев жастар саясаты мен отбасы институтын дамыту Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болуы керек екеніне сенімді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пікірінше, жас ұрпақ Қазақстанның дамуында шешуші рөл атқаруы тиіс - алға ілгерілеудің қозғаушы күшіне айналуы қажет.
2019 жыл бойына еліміздің жастар буынан қолдауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілді. Президенттік кадрлар резервін қалыптастыру басты оқиғалардың бірі болды. Бүгінгі таңда Қазақстан жастары еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсене қатысуда, қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекет өмірінде маңызды рөл атқарады. Қазіргі жастар — негізгі стратегиялық ресурс, алдағы реформалардың локомотиві. Бүгінде жаңа бағдарлама мен құнды ұстанымдарымен, жоғары мақсаттарға жетуге бағытталған экономикалық жобаларымен өзге, инновациялық жастар қалыптасуда.Сонымен, 2019 жылы жастар саясаты шараларымен 2 млн адам қамтылды. Қаржыландыру өсімі 40 есе өсті, жастарды қолдаудың арнайы мемлекеттік бағдарламасы жасалып жатыр. Сондай-ақ, волонтерлікті дамыту бойынша 7 жалпыұлттық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан өзге, 2020 жылы «Волонтер жылы» деп жарияланды.
Бүгінгі таңда республикада 14 пен 29 жас аралығындағы 3,8 млн жас азамат бар. 2019 жылдың ІІІ тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% немесе 84,7 мың адамды құрады.
2 206 мың адам экономикалық белсенді, олардың ішінде 2 121 мыңнан астам адам (96,1%) жұмыс істейді.
Экономика салаларында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны — 388,8 мың адам (18,5%) көтерме және бөлшек саудамен айналысады. 253 мыңнан астам адам (12%) автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеумен айналысады, ауыл шаруашылығында 239,7 мың адам, өнеркәсіпте 218 мың адам (10,4%) жұмыс істейді.
Білім деңгейі бойынша жұмыспен қамтылған жастардың 44,2%-ында (936,7 мың адам) жоғары немесе аяқталмаған білімі бар.
Қазақстанда Жастар жылында қандай іс-шаралар жүзеге асырылды?
Үкімет Жастар жылын өткізудің жол картасын қабылдап, жүзеге асырды. Жол картасында жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, жас отбасын қолдау және т. б. шаралар қарастырылған.
2019 жылы 3 мың жас азамат Қазақстанның үш ірі қаласынан жалдамалы баспана алды. Нұр-Сұлтан қаласында жастар 1050 пәтер, Алматыда - 1050 және Шымкентте 900 пәтер алды.
3 мыңнан астам жас маманға 13,5 млрд теңге сомасына тұрғын үй алуға бюджеттік несие берілді.
"Дипломмен ауылға" жобасына қатысушыларға 1500 АЕК-тен аспайтын мөлшерде (3 787 500 теңге) бюджеттік несие беру қарастырылған.
172 мыңға жуық адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты
Еңбек нарығын дамыту және халықтың, соның ішінде жастардың тұрмыс деңгейін жақсарту бойынша қосымша шараларды қабылдау мақсатында "Еңбек" өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып жатыр.
2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Бағдарлама қатысушылары арасындағы жастардың үлесі 34,3% құрады.
Көрсетілген мерзімде Бағдарлама қатысушыларының қатарына 213,5 мыңнан астам жас азамат қосылған, олардың 189,6 мыңы немесе 88,8%-ы жұмысқа орналасқан.
Бағдарлама аясында "Тегін техникалық және кәсіптік білім беру" жобасы іске асырылып жатыр, соның арқасында 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмаған мектеп түлектері бірінші жұмысшы мамандығы бойынша ақысыз оқуға мүмкіндік алды.
Осылайша, есепті кезеңде 22 мың адам кәсіптік оқуға, 20,2 мың адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді.
Сонымен қатар, жастардың, оның ішінде NEET (Not in Education, Employment, or Training — заңда көрсетілген жасында оқымайтын, жұмыс жасамайтын және біліктілігін көтермейтін жастар) санатындағы жастардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік оқытудың қысқа мерзімді курстары (6 айға дейін) ұйымдастырылған.
Қазақстанда "Жас кәсіпкер" және "Жас маман" жобаларынан тұратын "Жастар – ел тірегі" жобасын іске асыру қолға алынды. Аталған жобалар "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда, жалпы мемлекеттік қолдау шараларымен 209 мыңнан астам жас азамат қамтылған, олардың ішінде еңбекпен қамтылғаны — 172 мың адам.
Қазіргі уақытта үш жыл ішінде 1 млн жастарды қамту арқылы "Жастар – ел тірегі" ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.
"Жас маман" жобасы еліміздің барлық аймақтарында үш жыл ішінде 200 мыңға жуық жас азаматтарды қамти отырып, 200 жаңартылған білім беру ұйымдарының (20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен 180 озық колледждер) базасында 100 аса сұранысқа ие индустриялық және қызмет көрсету кәсіптері бойынша мамандар даярлауды көздейді.
"Жас кәсіпкер" жобасы — бұл республика бойынша, соның ішінде NEET санаттарында жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені, оның аясында бизнес жүргізу дағдыларын үйрету және стартап жобаларды іске асыруда көмек көрсету бойынша шараларды кеңейту жоспарлануда. "Жас кәсіпкер" жобасы аясында 20 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.
2019 жылы 9,5 мың жас азамат жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін гранттар алды, жыл сайын 10 мың жас грант алатын болады. Сонымен қатар, 2,5 мың жас кәсіпкер өз бизнестерін дамыту үшін микро несие алды, 15 мың адам үш жыл ішінде алады.
"Жасыл ел" жобасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 2019 жылы жастар практикасына 33 мыңға жуық жас азамат жіберілді.
"Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша біржолғы жәрдемақы мөлшері 70 АЕК-тен (176 750 теңге) 100 АЕК-ке (252 500 теңге) дейін ұлғайтылды. 6 мыңға жуық жас маман 1,2 млрд теңге көлемінде көтермелеу жәрдемақысын алды.
Айта кету керек, Бағдарламаның екінші бағыты Атамекен ҰКП-ның "Бастау-Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту мен микрокредит беру арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 20 мың адам кәсіпкерлік негіздерімен қамтылды, оның ішінде 2,8 мың адам шағын несие алса, 15 мың адам грант алды.
Сонымен қатар, 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар түрінде жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған құрал әзірленуде.
Бағдарламаның үшінші бағыты ішкі ұтқырлықты және жұмысқа орналасуды қолдауды ынталандыруды көздейді.
Еліміздің өңірлеріндегі кадрлар тапшылығын азайту мақсатында 2019 жылдың 9 айында 353 еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс күші мол өңірлерден көшірілді. Оның ішінде 310 адам жұмыспен қамтылған.
Бұған қоса, Бағдарламада жұмыс күші артық өңірлердегі жастарға жоғары, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды еңбекке қабілетті адамдар жетіспейтін аймақтарға жұмысқа орналастыруға бағытталған "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!" ("Серпін") жобасы қарастырылған. Бұл еңбекке жарамды адамдар жетіспейтін өңірлер мен ауылдық елді мекендерді жас білікті мамандармен қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға жаңа жерге орнығуға жәрдемдесуге, оның ішінде оқыту, жұмыспен қамту, баспанамен және балабақшалар мен мектептерде орындармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылды, оларға 2019 жылдың 11 айында жастар арасынан 64 мыңнан астам адам жіберілді.
Сонымен бірге, Бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін NEET санатындағы жастардың ішінен үміткерлердің тізімін құру, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, коучинг және психологиялық қолдау көрсету үшін жергілікті комиссиялардың мобильді жұмыс топтарын құру қарастырылған.
Бұған қоса, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік өткен жылдан бастап еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын - Электрондық еңбек биржасын (www.enbek.kz) (бұдан әрі - ЭЕБ) іске қосты.
ЭЕБ — жұмыспен қамту орталықтарына бармай және жарияланған ақпараттарға еркін қол жеткізумен бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жариялау мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған бірыңғай цифрлық алаң.
Жұмыс іздеушілер үшін түйіндеме орналастыру, бос жұмыс орындарын автоматты түрде іріктеу, сондай-ақ ұнаған бос жұмыс орындарына белгі қалдыру және сұхбаттасуға шақырту алу, жұмыс берушілерден жұмысқа орналасуы туралы хабарламалар қабылдау функциялары қарастырылған. ЭЕБ-дегі барлық қызметтер ақысыз.
2019 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша ЭЕБ-да 36,4 мыңға жуық бос жұмыс орны және 161,5 мың түйіндеме орналастырылды.
ЭЕБ қызметтерін 182,5 мың жұмыс беруші және 858,7 мың жұмыс іздеуші қолданды. ЭЕБ арқылы 476 мың жұмыс іздеуші еңбекпен қамтылды (338,6 мың адам тұрақты жұмыс орындарына және 137 мың адам уақытша жұмыс орындарына).
Халықты, оның ішінде жастарды жұмыспен қамту және оқыту мәселелерін шешу мақсатында еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілік пен дағдыларға сәйкес министрлік бірқатар кешенді шараларды қабылдауда.
Биыл еңбек ресурстарының ағымдағы және болжамдық сұранысын және ұсыныстарын бағалау үшін Еңбек ресурстарын болжамдаудың ұлттық жүйесі енгізілді (бұдан әрі ҰБЖ).
ҰБЖ демографиялық болжамды, білім беру жүйесінен ағым болжамын, салалар арасындағы ағымдарды, еңбек нарығындағы әлемдік болжамды ескерумен қысқа мерзімді, орташа мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдар бойынша модульдік жүйені қамтиды.
ҰБЖ негізгі нәтижелері Ұлттық еңбек ресурстарының болжамы болады, ол мемлекеттік білім беру тапсырысын жасау, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерілімін анықтау, сондайақ кадрларды қысқа мерзімді даярлау және қайта даярлау мақсатында сұранысқа ие кәсіптерді нақтылау үшін негіз бола алады.
Жас ғалымдардың қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 3 млрд тг бөлінді
ҚР БҒМ Жастар жылында ҰБТ тапсыруға өтінім берген әрбір екінші талапкерге ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берген 53 785 грант бөлді.
Отбасын ресурстық қолдау орталықтарының жұмысы аясында 270 отбасы сақталды. Еліміздің Жастар ресурстық орталықтарында тегін заңгерлік кеңес беру бөлімдері жұмыс істейді.
2019 жылы жастарды қолдауға бағытталған 56 гранттық жоба жүзеге асырылды. Жалпы, гранттық жобалар аясында мемлекеттік қолдау шараларымен 2 млн-нан астам жас азамат қамтылған.
Сонымен қатар, қазіргі кезде министрлік "Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы" ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр, ол 2020 жылы наурыз айында іске қосылады. Сондай-ақ кәсіптік стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
"Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы" – бұл алдағы 15-20 жылға арналған перспективалы кәсіптердің электронды порталы. Ол қандай салалардың белсенді дамитынын, оларда қандай жаңа технологиялардың, өнімдердің, басқару тәжірибесінің пайда болатынын және жұмыс берушілерге қандай жаңа мамандықтардың қажет болатынын түсінуге мүмкіндік береді.
Атлас экономиканың тоғыз басымдыққа ие саласы бойынша әзірленеді: тау-кен өндірісі саласы, мұнайга, ауыл шаруашылығы, көлік және логситика, машинажасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс, тау-кен металлургия саласы.
Бұдан өзге, жаңа экономиканың салаларына сай келетін кадрлардың дағдылары мен құзыреттерін дамыту үшін «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасы аясында ЕХӘҚМ Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, мемлекеттік органдармен бірлесіп кәсіптік стандарттарды әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.
Кәсіптік стандарт жұмыскердің белгілі бір кәсіптік қызмет саласы бойынша біліктілік деңгейі мен құзыретіне, оның еңбегінің сапасы мен мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.
Кәсіптік стандарттар негізінде білім бағдарламалары әзірленуде, бұл еңбек нарығына қойылатын талаптарды өзара байланыстырып, осы дағдылардың білім беру жүйесі тарапынан ұсынылуына мүмкіндік жасайды.
Биыл шетелдік жұмыс күшінің квотасы ұсынылатын 100 сұранысқа ие және индустриялық кәсіптерді міндетті түрде қамтумен 480 кәсіптік стандартты бекіту аяқталады.
480 кәсіптік стандартты әзірлеу бойынша жұмыстарды тиімді және уақытылы орындау үшін Жобалық офис құрылды, оның құрасында орталық мемлекеттік органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жетекгі кәсіпорындардың, компаниялардың, оқу орындарының өкілдері бар.
Бұл ретте, Еңбек кодексіне сәйкес, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтары тартылған.
Бұрын бекітілген кәсіптік стандарттарды ескерумен орта және жоғарғы біліктілік деңгейіндегі 70 білім беру бағдарламасы жаңартылған.
2018 жылдан бастап жекелеген оқу орындарында 12 білім беру бағдарламасын пилоттық енгізу жүргізілуде.
2020 жылдан бастап жаңа 480 кәсіптік стандар негізінде әзірленген/жаңартылған білім беру бағдарламалары бойынша кадрларды оқыту жоспарланған. Қабылданған шаралар жас қазақстандықтарға өз әлеуетін іске асырып, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жәрдемдесуге бағытталған.
Жұмыс берушілерді бірінші жұмысқа еңбек тәжірибесі жоқ жастарды алуға ынталандыру мақсатында, сондай-ақ еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін "Еңбек" бағдарламасы аясында "Алғашқы жұмыс орны" жобасы ұсынылады.
"Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша еңбекке орналастыруды ұйымдастыру қажетті еңбек дағдыларын ұсыну, бірінші жұмыс орнында бейімделу үшін жастар санатындағы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер үшін барлық меншік түрлері ұйымдарында жүзеге асырылады.
"Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша еңбекке орналастыруда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, колледждер мен ЖОО-лардың түлектеріне, еңбекке қабілетті мүгедектерге, оқуды аяқтаған мүгедектерге басым құқық беріледі.
"Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған келісімшарт негізінде "Еңбек" бағдарламасының қатысушыларын кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмыс орналастырады, бұл ретте халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыскердің жалақысын бірінші жұмыс істеген жылында 20 айлық есептік көрсеткіг көлемінде (50 500 теңге) субсидиялайды.
Сонымен қатар "Ұрпақтар келісімі" жобасы ұсынылады, онда зейнет жасына жеткен жұмыскерді ауыстырумен еңбекке орналастыру қарастырылады. Еңбекке орналастыруда жастарға, көп балалы және аз қамьылған отбасылардан шыққан еңбекке қабілетті жандарға, еңбекке қабілетті мүгедектерге басымдық беріледі.
Бұл жоба бойынша зейнет жасы алдындағы адамдар зейнет демалысына шыққан соң өз білімдерін жас мамандарға үйрететін болады.
"Ұрпақтар келісімі" жобасында үміткерді жұмыс беруші мемлекет субсидиялайтын жұмыс орнына 6 айға дейінгі уақытқа жұмыс алады (жалақы көлемі шамамен 20 АЕК – 50 500 теңге).
Келісімшарт мерзімі аяқталған соң үміткер тәлімгердің жалақысымен тұрақты жұмысқа қабылданады.
Сонымен қатар, "Еңбек" бағдарламасы бойынша еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істейтіндерді жұмыскердің біліктілігі мен дағдыларының ерекшеліктерін ескерумен, жұмыс берушінің қайта даярлау курсының құнының кемінде 50%-ын тең қаржыландыруы шартымен кәсіптік даярлау бойынша қосымша шаралар қарастырылған, оның ішінде жас мамандар да қамтылады (оқыту мерзімі бір айдан он айға дейін),
Жұмыскерлерді кәсіптік даярлау ұйымы жұмыстан жартылай босату немесе жұымс уақытынан бос уақытта оқыту (кешкі уақытта, демалыс күндері) арқылы жұмыс уақыты шегінде жұмыс орнында оқытуды қарастыруы мүмкін.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері үшін 7 жыл мерзімге дейін, пайыздық мөлшерлемесінің жылдығы 4%-дан аспайтын жеңілдікті шарттарда шағын несие ұсыну қарастырылады.
Бұл ретте, ауылдық жерлерде тұратын тұлғалар, мүгедектер, 50 жастан асқан тұлғалар, жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар, аз қамьылған және/немесе көпбалалы отбасылары мүшелері кәсіпкерлік бастамасы бойынша қолдау шараларын алуда басымдықты құқыққа ие.
Сонымен қатар, "Еңбек" бағдарламасында мүгедектерді еңбекке орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру, сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарына квота бөлу аясында жұмыс орындарына орналастыру қарастырылады.