Қазақстандық жұп спорттық биден ел тарихындағы алғашқы жүлдеге ие болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Спорттық биден өткен әлем чемпионатынан қола жүлде алған Максим Жиленков пен Арина Молочникова елге оларды. Назарбаев атындағы халықаралық әуежайынан спортшыларды жақындары мен жанкүйерлері күтіп алды.
2 қарашада Румынияның Сибиу қаласында спорттық биден әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге 34 мемлекеттен 68 спортшы (34 жұп) қатысты. 14-15 жас аралығындағы жас жеткіншектер арасында ел намысын қорғаған Максим Жиленков пен Арина Молочникова қола жүлде иеленді. Олар 10 биден (қоссайыс) үздік үштік қатарынан көрінді. Айта кетсек, бұл ел тарихында спорттық биден әлемдік додода алған алғашқы жүлде.
Бұл тарихта бірінші рет. Осыған дейін легионерлер болды. Федерация атынан бапкеріне, ата-анасына алғысымды білдіремін. Балалар жарайсыңдар, лайық өнер көрсеттіңдер. Үлкен жетістіктер тілейміз. Алда екі чемпионат бар. Жеңіс тілеймін, - деді ҚР спорттық би федерациялары қауымдастығының президенті Қабдулла Байжанов.
Спорттық биден қола жүлде алған қос жасөспірім әлем чемпионаты жайлы әсерімен бөлісті.
Чемпионат жақсы өтті. Алда бұдан да жақсы жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Біз мұндай жарыстарға ұзақ уақыт дайындаламыз. Жаттықтырушыма, ата-анама алғысымды айтамын. Бала кезімнен биді жақсы көрдім. Осы спорт үшін барымды саламын, - дейді Молочникова.
Ал, Максим үлкен ағасының жолын қуып осы спорт түрімен айналысамын деп шешкен.
Үлкен ағам бимен айналысты. Үнемі бір жерлерге барып-келіп жүретін, оған қызығып мен де биге барғым келді. Ендігі жоспар бойынша келесі чемпионатқа дайындаламыз. Бұдан да үздік көрсеткішке жетуге тырысамыз, - деді Жиленков.
Спортшлыра жыл соңына дейін тағы екі ірі додада бақ сынайды.
Жарыс жақсы ұйымдастырылған. Румыния федерациясы чемпионаттың жақсы өткуіне барын салған. Балалар басқа жарыстарға дайындалған секілді қалыпты режиммен дайындалды. Турнирлердің айырмашылығы жоқ, бәріне бірдей дайындаламыз. 23-24 қарашада Түркияда америкалық бағдарлама бойынша, 14-15 желтоқсанда Латвияда стандарт бойынша әлем чемипонаты өтеді. Максим мен Арина бұл жарыстарға қатысады. Қазақстан чемпионатын жеңген соң олар әлемдік додаларға ел атынан шығады, - деді жаттықтырушы Кирилл Акатьев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы