Қазақстандық VS шетелдік жұлдыздар. Кім қалай танылды?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жұлдыздардың танымал болу жолдары әртүрлі. Танымалдылық біреуге ерте, біреуге кеш келеді.
Кейбіреуі тағдырдың тәлкегіне мойымай, барлық қиындықты жеңіп шыққан. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» дегенді де айналып өтуге болмас. Қандай дәрежедегі жұлдыз болу үшін де қажырлы еңбек, «нетворкинг» және талант керегі жасырын емес. Ендеше, қазақстандық және шетелдік жұлдыздардың танылу жолына үңілсек.
Голливудтың ең мейірімді жұлдызы Киану Ривз Ливанның Бейрутінде 1964 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Киану алты жаста болғанда отбасынан кетіп қалады. Жастайынан хоккей мен театрға қызығушылық танытады. Бірақ мектептегі үлгерімі мақтанарлық болмаған, 17 жасында Ривзді нашар оқығаны мен тәрбиесінің нашарлығы үшін мектептен шығарып жібереді. Киану 1984 жылы алғаш рет театрда өнер көрсетеді. Ал 1986 жылдан бастап жұлдыз киноға түсуді бастайды. Актерға нағыз танымалдылықты 1994 жылы түсірілген «Жылдамдық» фильмі әкеледі.
Осы туындыдан кейін гонорары жоғары фильмдерде түсуге ұсыныстар түсе бастайды. Бүгінде Киану Ривздың жылдық табысы 360 миллион доллар болса, ол түскен фильмдердің бюджеті 4 миллиардтан асады екен. Бірақ актер қаншалықты бай болса, соншалықты қарапайым. Бір сұхбатында ол дәулет туралы былай дейді.
Мен қыруар ақша таптым. Бірақ мен үшін ақша маңызды емес. Мен әрбір күніме қуанып, әрбір сәтті сезінуден ләззат аламын. Банктегі есепшотымды қадағаламаймын. Себебі бақытты өмірді ақшаға сатып алуға болмайды. Дәмді тамақтаныңыз, мұхитқа секіріңіз, көп серуендеңіз. Біреуге күле қараңыз, құшақтаңыз, қиын кезде қол ұшын беріңіз. Әрбір күнді соңғы күн сияқты сүру керек. Мен күнде Жер мен Күнге маған берген мүмкіндік үшін алғыс айтамын, - дейді ол.
Әріптестері оның жомарттығы жайлы жиі айтады. 1999 жылы Киану мен оның сүйіктісі Дженнифер Саймның қызы өлі туады. Ал екі жылдан кейін Ривздің сүйіктісі көз жұмады. Киану ол кезде 37 жаста еді. Содан кейін ол қайырымдылыққа бет бұрады. Тапқан-таянғанының біраз бөлігін қатерлі ісікпен ауыратын науқастарды емдеуге арналған қорына аударады. Кианудың қарапайым адамдармен еркін араласуы, жолаушыларды жеткізіп тастауы, бомждармен тамақтануына дәлел бейнелер мен суреттерді желіден жиі кездестіруге болады. Актер 2019 жылға дейін үйленбеген. 2019 жылы 55 жасында актер 10 жылдан бері танитын серіктесі Александра Грантқа ұсыныс жасады деген жаңалық шықты. Киану Ривз - Instagram-да тіркелмеген сирек жұлдыздың бірі.
Тәуекел Мүсілім 1988 жылдың 9 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келеді. Модельдіктен бастаған Тәуекел өзін тележүргізуші, актер, әнші ретінде де сынап үлгерді. Оның да әке-шешесі жұлдыздың кішкентай кезінде ажырасып кетеді. Әкесі - 90-жылдары криминалдық «авторитет» болып танылған Сабыр Мүсілім. Тәуекел әкесі туралы бір сұхбатында былай деген екен.
Тәуекел деп атымды әкем қойған. Тағдырдың жазуымен әкем мен шешем кішкентай кезімде ажырасып кетті. Әке тәрбиесін көрмей өскендіктен, ол кісі туралы мардымды ештеңе айта алмаймын. Анам біздің араласуымызға қарсы болған жоқ. Тоғызыншы сыныпта әкеммен үш айдай бірге жүрдім. Әкем спортқа жақын еді. Поэзияны, өнерді сүйетін. Кез келген отырысты жандырып жіберетін. Маған үнемі «оқы, келер заман – білімділердің уақыты» дейтін. Расында, қазір – білектің емес, білімнің заманы. Ол кісіге ұқсаймын деп айта алмаймын, - деген еді ол.
Тәуекел өзін жасықтаумын дейді.
Кейде өз ойымды жасырып, үндемей қалатын жасықтау мінезім бар. Әкемнің қолында өскен болсам, мінезім басқаша болар ма еді. Бірақ ішімде бір қайсарлық бар екенін сеземін. Әкемнің көзін көрген жұрт «бұл –Сабырдың ұлы ғой, тектінің көзі» деп жатады. Әке атына лайық болсам деймін, - дейді ол.
Мүсілім 2019 жылы берген бір сұхбатында сериалдағы түсірілімнің бір күні үшін 25-50 мың теңге гонорар алатынын айтқан. Ал коммерциялық жоба болса бір түсірілім күніне 6-7 мың доллар төленеді екен. Айта кетейік, қазір көп жұлдыздар Instagram-ындағы жарнама есебінен қыруар ақша табады. Тәуекел де жарнамадан айын 1,-1,5 млн теңге табады екен. Жалпы, актердің табысының 30 пайызы желідегі жарнамадан, 60 пайызы кино мен жарнамалық роликтерге түсуден және 10 пайызы жеке бизнестен түсетін көрінеді. Сымбаты пен өнері келіскен актер 2019 жылдың аяғында үйленеді. Биыл екі жастың тойы карантинге байланысты тойланбады. Бірақ олар некелесіп, шаңырақ көтерді. Тәуекелдің Instagram-ында 1,9 млн оқырман бар.
Опра Уинфри 1954 жылдың 29 қаңтарында АҚШ-тың Косциаско қаласында дүниеге келеді. Бар өмірін телевизия саласына арнаған жұлдыз бүгінде әлемдегі ең бай адамдардың бірі. Ол – миллиардер болған алғашқы афроамерикалық әйел. «Forbes» журналы 2007 жылы Опра Уинфриді әлемдегі ең танымал әйелдердің тізімінде бірінші орынға шығарады. Ал 2009 жылы Опра шоу-бизнестегі ең танымал адам атағын иеленеді. 2013 жылы Опра Уинфридің жалпы қаражаты $2,8 миллиардқа тең болған. Бірақ оның тағдыр жолы шытырман оқиғаға толы. Анасы Вернита Ли үй қызметкері, әкесі Вернон Уинфри әуелі әскери қызметкер, кейін шаштараз қызметін атқарған. Оның ата-анасы заңды некеде болмаған. 6 жасына дейін Опра әжесінің қолында өсіп, 2,5 жасында хат тани бастайды. 9 жасында Опраны 19 жасар немере ағасы зорлап кетеді. Оның жақ ашпауы үшін оған балмұздақ сатып әпереді.
Опра жасөспірім кезінде көп қорлық көреді. 14 жасында аяғы ауыр болып, босанады. Бірақ бала туа сала шетінеп кетеді.
1971 жылы Опра байқауға қатысып, бақ сынайды. Сол кезде CBS арнасы оған ұсыныс жасайды. Алғаш кешкі жаңалықтарда комментатордың көмекшісі болып қызмет етеді. 1976 жылы WJZ-TV арнасына қызметке орналасып, 6 сағаттық жаңалықтар жүргізушісі мен таңғы ток-шоудың тізгінін ұстайды. 1985 жылы киноға түсіп, өзінің актрисалық мансабын бастайды. Алғаш түскен фильмі «The color Purple» деп аталады. «Алтын глобус» және ең үздік қосалқы әйел рөлі үшін «Оскар» алады. 1986 жылы атақты бағдарламасы «Опра Уинфри Шоуы» ашылады.
Осы кезде тележүргізушінің атағы әлемге жайыла бастады.
Бір сұхбатында ол адамдарға ешқашан өзгермеуге кеңес береді.
Жасым отыздан асқанда ғана мен тележурналистикада өзімді қалай еркін сезіне алатындығымды түсіндім. Содан бері өзімді өзгертпей, өмірде қандай экранда сондай Опра болып қызмет етіп келемін. Мен ешқашан ақылдырақ немесе мейірімділеу болып көрінуге тырыспаймын. Бірде әуежайда отырғанда жаныма бір әйел келіп, «Сіз экрандағыдай емессіз. Экранда бәрін құшақтап қолдайсыз. Ал қазір ешкімге мойын бұрмай отырсыз» деп сөге бастады. Осыған бола мен жеке ұшақ сатып алдым. Жұрт мені басқаша қабылдайды екен деп өзімді өзгертуге бармаймын. Әуежайда өткен-кеткен елмен құшақтасуға міндетті емеспін. Мен өз рейсін күтіп отырған жай Опрамын. Ал Опраның әртүрлі күйі бар. Біреуге бола өзгеру, өзгергендей кейіп таныту сізге жақсылық әкелмейді, - дейді ол.
Опра Уинфриді Instagram-да 19,3 млн адам оқиды.
Ләйлә Сұлтанқызы 1977 жылдың 8 желтоқсанында Шымкентте дүниеге келген. Көпшілік қауымға «SuperStar.Kz» жобасымен танылған Ләйлә Сұлтанқызы бүгінде Қазақстанның телеарна саласындағы орны бөлек жандардың бірі болып отыр.
Ләйлә Сұлтанқызының арманы да сол кездегі көп адамдікі сияқты ата-анасының мүмкіндіктері және қаражатымен шектелді.
Сұхбатының бірінде тележүргізуші ұзақ уақыт бойы оны сол кездегі әйелдердің көпшілігі сияқты алып қашатынына жүз пайыз сенімді екенін айтқан. Ол отбасы мен күйеуі, балаларымен шектеліп отырамын деп ойлаған. Алайда уақыт өзгереді. Ләйлә журналист мамандығын таңдап, 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі.
Мамандық таңдауына қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған әжесі әсер етеді. Ол немересінің филологиялық білімімен айналысып қана қоймай, оған түрлі байқауларға қатысуға көмектесті.
Ләйлә Сұлтанқызының күйеуі бизнесмен Қайрат Беркінбаев екені белгілі. Ол «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенін басқарады. Тележүргізушінің өзі мойындағандай, ол өзінің сүйіктісі үшін ақылсыз әрекеттерге бармаған.
Парашютпен секірмедім, шашымды қызыл түске боямадым. Алайда бір нәрсе жасадым — салмақ тастадым. Отыз келі емес, бірақ қысқа уақыт ішінде «пышкадан» жұқа және талғампаз ханымға айналдым, - дейді ол.
Ләйлә Сұлтанқызы екі ұлды тәрбиелеп отыр.
2019 жылы берген бір сұхбатында ол айлық табысы 3-4 миллион теңгені құрайтынын айтады.
Сондай-ақ, ол instagram әлеуметтік желісінде өз ставкаларын айтқан еді. Бір жазбаны орналастырғаны үшін жарнама берушіге 500 мың теңгеден екі миллион теңгеге дейін төлеуге тура келеді екен. Ләйлә белгілі бір брендтің жарнамалық науқанына түсуі үшін оған авторлық құқықтар тиесілі болған жағдайда 20 000 доллардан төлеу керек.
Ләйләнің балалары «Haileybury Astana» жеке меншік мектебінде оқиды, онда оқу үшін ата-аналар жылына 25 мың доллар төлеуі керек. Ләйлә өткізген бір іс-шара 5000 доллар тұрады. Қазір Ләйлә Сұлтанқызын Instagram-да 2,8 млн адам оқиды.
Джастин Бибер 1994 жылы 1 наурызда Канаданың Онтарио провинциясында дүниеге келген. Оның ата-анасы Джереми Джек Бибер мен Патрисия Пэтти Маллетт некелерін тіркемеген, бірақ әкесі баланы тәрбиелеуге көмектескен.
Бибер 3 жасында музыкаға қызығушылық танытты, фортепианоны, барабанды, құбырды өз бетінше игерді, кейінірек гитарада ойнай бастады.
Сонымен қатар, ол балалық шағында футбол, баскетбол, хоккей, гольфпен айналысып, скейтбордта жүруге машықтанған. 12 жасында So Sick композициясымен жергілікті «Стратфорд идолы» ән байқауына қатысады.
Әншінің шығармашылығында анасы маңызды рөл атқарды. Ол YouTube-қа туыстары мен таныстары көрсін деп Бибердің байқауда жеңген видеосын жүктейді. Джастиннің одан басқа өнерін желіде жариялап отырады. Жас музыканттың бейнесі сәтті шығып, оның желідегі танымалдығы арта бастайды.
Кейінірек бір сұхбатында ол роликтерді So So Def продюсері болған Скутер Браун көргенін айтады. Жас талантқа қайран қалған продюсер Ол Джастинді тауып алып, анасын демо жазу үшін Атлантаға баруға көндіреді. 2008 жылы Джастин танымал рэпер Ашермен келісімшартқа отырады.
2009 жылы әнші өзінің алғашқы «One time» әніне бейнебаян түсіреді, ол сол кезде канадалық музыкалық диаграммаларда жетекші орынға ие болды. Бейне Youtube-те танымал болады. Рекордтық уақытта миллионнан астам қаралым жинайды, содан кейін интернет қауымдастық Джастинге сенсациялық әнді айтатын «феномен бала» деген атақ береді.
Бибер 30-ға толмаған ең бай адамдардың тізіміне кіреді. Оның жағдайы 300 млн долларға бағаланып отыр. 2017-2019 жылдары ол 85 млн доллар тапқан. Концерттер болған кезде Джастин 100 млн долларға дейін табыс тапқан. Әнші 2018 жылдың 14 қыркүйегінде модель Хейли Болдуин-ға үйленеді. Бибердің Instagram парақшасында 146 млн адам бар.
Димаш Құдайберген 1994 жылдың 24 мамырында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Димаштың әке-шешесі танымал әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтар. Димаштың ата-әжесі де музыкалық адамдар. Димаш бала кезден түрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған. Алты жасында «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанған.
Алайда жас әншінің бағын Витебскте өткен «Славян базары-2015» халықаралық ән байқауы ашады. Отандасымыз байқауда бас жүлде иеленді. Кейін әншіге халықаралық аренада танылуға Қытайда өткен «Мен әншімін» байқауы септігін тигізеді. Димаш алғашқы әлемдік турнесі аясында Қытайдың бірнеше қаласын аралады. Ал 2017 жылдың жазында елордада алғашқы үлкен концертін берді. Шығармашылық кешке қазақстандықтардан бөлек, Қытай, Италия, Ресей, Украина, АҚШ және Франциядан тыңдарман келді. Димаш Қазақстаннан бөлек, Ресей, Еуропа, АҚШ елдерінде өнер көрсетіп үлгерді. Әнші қанша талантты болса, сонша қарапайым. Қарапайымдылығының әсерінен болар, ол өзінің табысы туралы ешқай жерде тіс жармаған. Алайда әлемдік аренада танымал болған қазақстандық әншінің кірісі аз емес екенін бір сағатының құнынан байқауға болады. Әлеуметтік желіге салған бір суретінде әншінің қолындағы сағаттың құны 389 мың доллар тұратыны белгілі болған. Димаш отандық телеарналардың бірде-біреуіне 3 жыл бойы сұхбат бермейді. Ал 2019 жылы ұлттық арнаға берген сұхбатында шетелде көп жүргенін себеп етеді. P.S. Димаш жоғарыда айтылған Джастиннің құрдасы. Алайда екеуінің жасы бірдей болғанымен, түсінігі, көзқарасы әртүрлі екенін көруге болады. Димашымыздың қанша атақты болса да «жұлдыз» ауруына шалдықпағаны қуантады. Оның қарапайымдылығы мен даналығын мына сөздерден-ақ аңғаруға болады.
Қазіргі таңда менің өмірімде болып жатқан қызықты сәттер деп айтайын, әртістік өмір уақытша нәрсе. Күндердің бір күні мен де сахнадан түсіп, көрерменнің қатарына отырамын. Сол отырған сәтте бұрын араласқан, бірге жүрген бауырларым немесе танымайтын көрерменмен жылы сөйлесе алатындай, көздеріне тік қарай алатындай жағдайда болуым керек. Жеңіс тұғырына шығуға көмектесетін ең алдымен – Жаратушымыз. Одан кейін мені әрқашан қолдап, аяқ алысымды демеп жүретін – ата-анам, - дейді Димаш.
Димаш осы сұхбатында оның үлгі болатын рухани ұстаздары әкесі мен анасы екенін айтады.
Менің өмірлік ұстазым, кумирім – әкем, содан кейін анам. Мен ерекше еліктеп өскен тағы бір ерекше адам бар. Ол – Марат Әйтімов. Менің бала кездегі арманым мен мақсатымның орындалып жатқаны Алланың қалауы шығар. Бірақ өзім ұнатқан музыкалық бағыт сәл өзгеше. Оны попқа да, операға да жатқызуға болмайды, - деді ол.
Димаш өз жолын табу үшін адамның өзіне қандай сұрақ қою керек екенін айтады.
Адамдар мамандық таңдар кезде бала кезге оралып, өзінен «балалық шағымда нені армандадым?» деп сұраса екен деймін. Себебі бала арманы адамды ешқашан адастырмайды. Мен өзімді өте бақытты адаммын деп ойлаймын. Себебі әрбір қадамым мен тынбай еңбектеніп жатқан ісім маған үлкен ләззат әкеліп жатыр, - деді ол.
Димаш қазақ еліне келінді әлі таныстарған жоқ. Әнші жеке өмірі жайлы көп айта бермейді. Димашты Instagram-да 3,3 млн адам оқиды.