Қазақстандықтардың несиелік жүктемесі күрт өскен
Алматы, BAQ.KZ,тілшісі. Бірінші несиелік бюро жүйесінде барлығы 11,6 млн белсенді несиелік контракт және ашық несиелі 6,6 млн заем алушылар бар. Бұл жайында аталған бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева Алматыда өткен брифинг кезінде айтты.
Оның айтуынша, орташа несие берудің жалпы төмендеуі несиелік жүктеменің өсуімен тікелей байланысты болып отыр.
«Егер 2018 жылдың басында бұл көрсеткіш 1,56 болса, 2019 жылдың басында 1,74 несие болды. Жүйеде барлығы 11,6 млн белсенді несиелік контракт және ашық несиелі 6,6 млн заем алушылар бар. Сонымен бірге жаңа заем алушыларға берілген несиелер үлесінің қысқаруы да осы фактіні растайды. Егер бұрынырақта жүйеде несиелердің жетіге жуық пайызын несиелік тарихы болмаған заем алушыларға беріп келсе, қазір бұл сан 5,5 пайызға қысқарып отыр»,-дейді ол.
Қаржы институттары үшін жаңа заем алушылар – өте тәуекелді сегмент болып отыр екен. Оның үстіне олардың несиені төлеу мүмкіндігін болжайтындай мінездік мәлімет те жоқ.
«Осы орайда бұл сегментті қорғау мақсатында Бірінші несиелік бюро бірлескен скоринг құру бойынша Кар-тел (Билайн) компаниясымен әріптестік-серіктестікке түстік. Ендігі жерде мобильді оператор мәліметтеріне заем алушыны бағалау жүйесі енгізіледі. Біз дербес несиелік есепте тек сұрау салу арқылы және жеке тұлғаның келісімімен ғана ақпарат алуды қолдаймыз. Сондықтан кез-келген ақпаратты трансляциялау тек келісім бекітілгенде ғана мүмкін болмақ»,-деді бюро директоры.
Сонымен қатар ол, несиелердің 24 пайызы онлайн түрінде берілгендігін айтып өтті.
«Бұл сан жағынан өте үлкен үлес және клиенттермен онлайн-іс-қимылға деген сұранысты қалыптастырады. Жалпы, онлайн-несиелеу - ол заем беру формасы және кез-келген сегментте – екінші деңгейлі банктер арқылы, микроқаржылық ұйымдар және басқа да несиелік ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Тіпті әлеуметтік бағытта несие ұсынатын классикалық үлгідегі микроқаржылық ұйымның өзі сандық форматқа көшуге ықылас танытуда. Ал цифрлық мемлекеттік органдар азаматтарды қашықтықта сәйкестендіруге мүмкіндік береді»,- деді Әсем Нұрғалиева.
Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Іле Алатауы тауларынан жасөспірім құтқарылды
Өзгелердің жаңалығы