Қазақстандықтардың көбі сауда саласында жұмыс істейтіні белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың жалпы санынан 16,1% астамы (8 миллион 763 мың адам) сауда саласында жұмыс істейді.
«2019 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандардың саны 8 миллион 763 мың адамды немесе жұмыс күшіне жататын азаматтардың жалпы санының 95,2% құрайды (9 миллион 205 мың адам). Өткен жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда бұл санаттағы адамдардың саны 1,5 % өскені байқалуда. Жұмыспен қамтылған халықтың ең көбі Алматы облысы (995 мың адам), Алматы қаласы (935 мың) және Түркістан облысында (777 мың). Өйткені, осы өңірлерде барлық жұмыс күшінің саны жоғары», – деді ЕРДО еңбек нарығын талдау департаментінің директоры Жақсылық Конанов.
Сарапшылардың айтуынша, экономика салалары бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі – 1 миллион 409 мың адам саудада, ауыл шаруашылығында – 1 миллион 221 мың, білім беру жүйесінде – 1 миллион 102 мың және өндірісте – 1 миллион 100 мың адам жұмыс істейді.Бұл салаларда жұмыспен қамтылған тұрғындардың жартысынан көбі шоғырланған.
Сонымен бірге, жұмыспен қамту бойынша алғашқы 10 салаға мыналар енді: көлік және қойма шаруашылығы – 639 мың адам, құрылыс – 634 мың, денсаулық сақтау – 501 мың, мемлекеттік басқару – 487 мың, әкімшілік және қосалқы қызметтер – 269 мың, өзге жеке қызметтер – 263 мың адам.
«2018 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда жұмыспен қамтылған халық санының негізгі өсімі тұрғын үй және тамақ өнімдері бойынша қызмет көрсету – 11,8%, басқа жеке қызметтер – 10,5%, сумен жабдықтау және қалдықтарды жою – 9,2%, өнер және ойын-сауық салаларында болды», - деді Конанов.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында – 4,7%, ақпарат және байланыс – 2,4%, ауыл шаруашылығында – 1,2% жұмыспен қамтылғандар санының төмендеуі байқалады.
2019 жылғы екінші тоқсанның еңбек нарығына жүргізілген талдаумен мына сілтеме арқылы толығырақ танысуға болады: https://iac.enbek.kz/ru/node/683
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылдың маусым айында ҚР Үкіметінің қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» РМҚК құрылған болатын. 2011 жылдың қазан айында РМҚК «Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі Қаулысымен «Жұмыспен қамту проблемалары жөніндегі ақпараттық-талдау орталығы» АҚ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ болып өзгертілді.
Орталық қызметінің негізгі саласы еңбек нарығын реттеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдау, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарды және халықты жұмыспен қамту орталықтарын әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету болып табылады.