Қазақстандықтар оқу және математикалық сауаттылық бойынша екінші деңгейде – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook әлеуметтік желісінде PIAAC халықаралық зерттеуінің нәтижелерімен бөлісті.

Кейде "ересектерге арналған PISA" деп аталатын PIAAC халықаралық зерттеуі 16-65 жас аралығындағы адамдардың оқу, математикалық сауаттылығы мен есептерді сандық ортада шығара білу дағдыларын бағалайды. Қазақстан бұл зерттеуге алғаш рет қатысқандығын ерекше атап өткен жөн. Зерттеу нәтижелері бойынша ересектердің дағдылары (математика – 247, оқу – 249 балл) орта есеппен Испания және Италия азаматтарының деңгейінде екені, бірақ ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен (оқу сауаттылығы – 266, математикалық сауаттылық – 262) айтарлықтай төмен екенін көрсетті", - дейді министр. 
Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетовтың айтуынша зерттеу барсында тек Қазақстанға ғана тән ерекше нәтижелер де анықталған.
Қазақстан халқының жартысы оқу сауаттылығы (49%) мен математикалық сауаттылығы (52%) бойынша тек екінші деңгейге қол жеткізген, ал халықтың төрттен бір бөлігі ғана (25%) жоғары деңгейде. Бұл ел тұрғындары жеңіл мәтіндермен, сондай-ақ талдауды, сараптауды және түсіндіруді талап етпейтін ақпаратпен ғана жұмыс істей алады дегенді білдіреді. Дағдыларды меңгеру деңгейлері мен оларды пайдалану жиілігі де маңызды тренд болып отыр: дағдылар күнделікті өмірде де, жұмыста да неғұрлым көбірек қолданылса, соғұрлым деңгейлері де жоғары болмақ, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, министрдің мәліметінше зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандықтардың тек 17%-ы ғана әртүрлі білім беру іс-шараларына қатысатыны анықталған. Бұл - ең төмен көрсеткіштердің бірі. PIAAC халықаралық зерттеуінің нәтижелерін қорытындылай отырып, Асхат Аймағамбетов министрлік өз алдына бірнеше мақсат қойғанын жеткізді. 
Біріншіден, кәсіптік және жоғары білім сапасын айтарлықтай жоғарылату қажет. Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары мен колледждері отандық кадрларды даярлаған кезінде PIAAC нәтижелерін басшылыққа алуы қажет. Екіншіден, мемлекеттік гранттардың құнын арттыру арқылы жоғары білімді қаржыландыруды ұлғайту қажет. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтуға және оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, зерттеу нәтижелері бізге әр азаматтың әл-ауқаты, оның білім алу уақытының ұзақтығы мен деңгейіне тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл заманауи жоғары технологиялық әлемде сапалы білім әлі де үлкен мәнге ие екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сондықтан Қазақстан азаматтары оқу мен білім алуға аса мән беріп, уақытының көп бөлігін соған бөлуі тиіс, бұл болашақта сөзсіз оң нәтижесін береді, - деп қорытындылады сөзін министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы