Қазақстандық спортшы дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың екінші күнінде қазақстандық дзюдошы Әділ Марлен 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанды, деп жазады Olympic.kz. 

Ол кіші финалда тағы бір қазақстандық дзюдошы Нұрсұлтан Зайзағалиевті "иппон" ұпайымен жеңді.  Әділ Марлен қарсыластарын таза ұтып, өз тобынан үздік шықты. Жартылай финалда әзірбайжандық Камран Сүлеймановке "вазари" ұпайымен есе жіберіп, жарыстың қола жүлдесі үшін күресуге мүмкіндік алған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Алматыда «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Дүниежүзілік біріншілікте 64 елден 500-ге жуық дзюдошы бақ сынауда. Қазақстан  құрамасы жарыстың бірінші күнінде бір алтын, бір қола жүлде жеңіп алған болатын. Әлем чемпионаты 29 қыркүйекке дейін жалғасады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы